ҚҰМАРОЙЫН ҚҰРДЫМҒА ҚҰЛАТАДЫ

Лудомания – құрдымға құлатар дауасыз дерт. Елде бәс тігуге басымен кірген лудомандар көбейіп барады. Бұған қаптап кеткен құмаройынның жарнамасы әсер етіп жатқаны жасырын емес. Қазақстанда 400 мыңға жуық азамат лудоманияға шалдыққан. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап айтқан еді.

– Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына парапар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып қылмысқа ұрынды. Құмаройын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, – деді Президент.

Лудомания мыңдаған отбасының шаңырағын шайқап, көптеген адамды қылмысқа итермелейді. Құмаройындарға тәуелді азаматтардың саны елімізде еселеп артуда. Осы әлеуметтік дертпен күресті күшейту мәселесі мемлекет үшін де аса маңызды. Сондықтан опа бермейтін ойынқұмарлық мәселесін қоғаммен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге жүйелі түрде тез арада шешу қажет деп санайды Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Қадиша Оспанова.

– Президент маңызды бағытты атап өтті. Оның аясында біз өңірлердегі жағдайға ерекше назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Мен бүгін көтеріп отырған мәселе бұрын да айтылған. Мәселені жүйелі түрде, біріге отырып мемлекеттік органдармен шешу қажет. Бұл ең алдымен лудомания және қоғамда бар әр түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты. Ел Президентінің бұл мәселеге назар салып алаңдауы орынды. Мемлекет басшысының ойын толық қолдаймын, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Қадиша Оспанова.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казино белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжілісте қаралған лудомания туралы заң жобасына қатысты Телеграм парақшасында пікір білдірді. Үшінші Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың нақты іске асып жатқанын атап өтті. Соның бір дәлелі – лудомания туралы заң жобасы. Ойынқұмарлықтың қасірет әкелетінін, мыңдаған отбасын ойрандап, талай адамды қылмысқа итермелейтінін еске салды. Сондықтан Мемлекет басшысы Парламенттің осы сессиясы соңына дейін ойынға тәуелділікке қарсы күрес туралы заң қабылдауды және ойынға тәуелділікке қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»