Мансап фестивалі

Қарағандыдағы Қазтұтыну одағы университетінде жыл сайын өтетін «Мансап фестивалі – 2024» өтті. Бұл шараға түлектер, студенттер және жұмыс берушілер қатысты. Шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, үміткерлер мен жұмыс берушілер үшін тиімді алаңға айналды.

Біреулер осы алаңда өздеріне лайықты жұмыс тапса, екіншілері кәсіби мамандарды командасына қосады. Университеттің Стратегиялық даму департаментіне қарасты Мансап және кәсіби даму орталығы – осы шараның ұйымдастырушысы.

– Мен мансап фестивалінің студенттерге көмектесетініне сенімім мол, олар мамандық бойынша жұмыстарын таба алады. Жұмыс арман болып қалмау керек, шара түлектер мен жоғарғы курс студенттерінің басын қосты, – дейді Қазтұтынуодағы университетінің Мансап және кәсіби даму орталығының директоры Жанэль Сағитова.

Фестивальге мемлекеттік мекемелер, бизнес қауымдастықтар және әртүрлі компания қатысады. 80-нен астам ұйым мен кәсіпорын және 400-ден астам студент шараға белсенді атсалысты. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді, бұл Қазтұтынуодағы университетінде білім алуға ниетті жастардың көбеюіне де оң әсерін тигізуде. Университет еңбек нарығындағы қажеттіліктерді зерттей отырып, өз түлектерінің сұранысқа ие болуын қамтамасыз ететін талдау жұмыстарын жүргізеді. Білім беру бағдарламалары қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып отырады, ал еңбек нарығының сұранысын зерттеу мен болжауға бағытталған студентке бағдарланған тәсіл жоғары жұмысқа орналасу көрсеткішіне қол жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, «Мансап фестивалі» – бұл университеттің серіктестеріне алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі.

– Мансап фестивалі студенттер мен түлектерге жұмыс тауып беріп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Таныс адамдарды тауып, қызықты жұмыстарды табуға болады, – дейді 4 курс студенті Малика Төленова.

Қазтұтынуодағы университеті білім беру үдерісін жетілдіру мақсатында «Мамандықтар атласы», «Жол картасы», тәуелсіз ұйымдардың рейтингтері сияқты құралдарды белсенді қолданады. Түлектердің табысты мансап құруына қажетті заманауи құзыреттерді дамыту үшін университетте түрлі шара кездесулер мен шеберлік сыныптары өткізіледі. Осындай «Мансап фестивальдері» жұмыс берушілер мен түлектер арасында тікелей диалог орнатудың тиімді алаңына айналды.

– Шараның басты мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты орнату. Шараға көптеген жұмыс беруші қатысуда. Бұл дегеніміз университеттің жұмыс берушілермен тұрақты түрде байланыста деген сөз, – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                     

«QH»