Мамандығым – болашағым

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 70 жылдық мерейтойы аясында «Менің мамандығым – менің болашағым» атты республикалық байытушылар форумы өтті. Жобаға бірқатар облыстың, техникалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Форум аясында еліміздің әр аймағынан келген дарынды жастар кәсіби және шығармашылық қабілетін шыңдау бағытында сынға түсті. Форум жұмысы екі кезең бойынша өткен-ді:

І кезеңде қатысушылар онлайн форматта «Менің мамандығым – менің болашағым» тақырыбында эссе жазып, іріктеу сынынан өтті;

ІІ кезеңде пайдалы қазбаларды байыту саласы жөнінде офлайн форматта пікір алмастырылды.

Алғашқы кезеңде көп ұпай жинаған үздіктер іріктеліп, форумның офлайн форматта өткен екінші кезеңіне шақырту алды.

Бұл шараның мақсаты – пайдалы қазбаларды байыту саласындағы перспективалық зерттеулермен танысу, пікір алмасу және ұйымдастыру. Шараның ашылу салтанатына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Басқарма төрағасы – ректор Марат Ибатовтың атынан ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Әсет Рақышев құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен кеш қонақтарына толағай табыс тіледі. Форумның салтанатты ашылуынан кейін питч-сессиялар мен «ХХІ ғасырдың байытушысы» байқауы өтті. Питч-сессияларда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің, Сәтбаев университетінің, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері, сондай-ақ форум қонақтары (кәсіпорын басшылары мен жетекші мамандар) баяндама жасады. Атап айтқанда, «ТОМС Индастриал» ЖШС бас директоры Болат Рамазанов, «MCIGroup» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Аслан Әкімбеков, «SiliconMining» ЖШС бас директоры Эльмира Кенжебекова, «НИЦУголь» ЖШС бас директоры Ерлан Әлішеров, «Weir Minerals» ЖШС компаниясының кен дайындау жөніндегі инженер-технологі Райымбек Зейнуллин және басқа да түрлі деңгейдегі мамандар форумның құрметті қонағы болды.

Кеш қонақтары мен қатысушыларға «Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ» КЕАҚ студенттік қалашығы төңірегінде шағын экскурсия ұйымдастырылды. Бірінші кезекте студенттердің сәулет және дизайн кафедрасының көрме залындағы ең үздік жұмыстары таныстырылды. Ұйымдастырушылар әр кезеңдегі ең үздік жұмыстардан кейін қатысушыларды қазақ тілі мен мәдениеті кафедрасы жанындағы этнографиялық мұражаймен, онан соң «Пайдалы қазбаларды кешенді игеру» инженерлік-сынақ зертханасымен таныстырып, «Жаңа материалдар» ғылыми-зерттеу институты, «Биоинженерия» ҰОК және 5-оқу корпусындағы минералды шикізат өңдеу, органикалық заттардың химиялық технологиясы және биотехнология саласындағы заманауи жабдықтарын көрсетті.

«ХХІ ғасырдың байытушысы» байқауы аясында командаларды пайдалы қазбаларды байыту саласындағы жетекші мамандардан құралған білікті қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтады.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті А.А.Куркин республикалық байытушылар форумының І дәрежелі дипломын қанжығасына байлады. Ал II дәрежелі диплом Сәтбаев университетінің студенті А.Қ.Абдушахмановқа және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті С.Т.Ерғазиевқа берілсе, ІІІ дәрежелі диплом Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Д.Темірбайға және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Ә.Қ.Мұқашқа бұйырды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі Алтынарай Такибаева республикалық байыту форумын өткізуге демеушілік көрсеткен құрметті қонақтарға, кәсіпорын басшылары мен жетекші мамандарға, оқу орны атынан арнайы алғысхат табыстады. Сондай-ақ игі шараны атқаруға үлес қосқан оқытушыларға алғыс білдірді.

Республикалық байытушылар форумын ұйымдастырушы химия және химиялық технологиялар кафедрасының студенттері кеш қонақтарына шағын концерт ұйымдастырды. Домбыра шанағынан күмбірлі күй мен әуезді саз ақтарылған жарқын қойылым орындаушыларының бірі ретінде ақын-импровизатор, химия кафедрасының магистранты Бекарыс Оспановтың есімі ерекше аталып өтті.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»