Мал ұрлығының алдын алуға бағытталған шаралар

Қарағанды қаласындағы «Арай» базарына мал ұрлығының алдын алуға байланысты блок бекет қойылды.

Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында, Қарағанды қаласындағы ет өнімдерін сататын «Арай» базарына Полиция департаменті басшылығының шешімімен блок бекет қойылды. Аталған бекетте тұратын полиция қызметкерлері ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеретін болады.

Полиция қызметкерлері ет өнімдерін тасмалдаушыларға еттің сапалы, ұрланбағанын және мал етінің таза болуын анықтайтын санитарлық дәрігерлерден №2 нұсқадағы анықтамасының болуы қажет екенін еске салады.

– Бекетте жүргізілген жұмыс нәтижесінде бір түн ішінде 35 автокөлік тексеріліп, екі көліктен ет тасымалдау кезіндегі бұзушылық анықталды. Мәселен, 56 жастағы облыс тұрғыны ет өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті құжаттары толық болмаса, 25 жастағы ауыл тұрғыны Фольксваген пассат автокөлігімен ешқандай құжатсыз ет өнімдерін сатуға әкелгені анықталды, – дейді полицейлер.

Еске сала кетейік, қыркүйек айының соңында облыстың тас жолдарында мал ұрлығының алдын алуға байланысты 18 жылжымалы блок бекет қойылған. Былтырғы жылы осындай блок бекетте Ағадыр кентінен бәйгеге шабатын Араб асыл тұқымды жылқысын ұрлаған екі азамат ұсталған болатын.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінің ақпараты негізінде