Майшабақ суға жіберілді

Қарағанды облысында балықтандыру жұмысы аяқталуға жақын. Биылғы маусымда өңірдегі 17 суқоймаға 420 мыңнан астам тұқы, жылтыр тұқы, сазан шабақтары жіберілді. Орташа салмағы шамамен 20 грамм. Енді оларды 4 жылға дейін аулауға болмайды. Көбеюі керек.

Қаладағы Федоров суқоймасы – аймақтағы ең ірі тоғандардың бірі. Түрлі жағдайға байланысты соңғы жылдары мұнда балық азайып кеткен. Мәселені мемлекет қолға алды. Әуелі суқойманы тазартып, санитарлық жағдайын қалпына келтірген соң майшабақтарды арнайы көліктермен әкеп төкті.

Балықтың бұл тұқымы Орталық Қазақстанның климатына төзімді, әрі тез көбейеді екен. Олардың санын азайтып алмай, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қолдан өсім жасап отыру аса маңызды екенін айтады мамандар. Бірақ оны үнемі бюджет есебінен іске асыру қиын. Сондықтан қараусыз қалған суқоймаларын келешекте жекеменшікке беру жағы қарастырылып жатыр. Оның үстіне, биыл питомниктерге қойылатын талап күшейген.

– Көлге жіберілетін майшабақтың салмағын биыл 20 грамға дейін өсіріп жіберді. Ал Қарағанды өңіріне қатысты нормативтік құжаттарда 12 грамм деп анық жазылған. Енді ол көрсеткішке жету үшін шабақтарды питомникте ұзақ ұстауға тура келеді. Ал бұл кезде күн салқындап, суға мұз қата бастайды. Биыл, абырой болғанда, күз жылы болды. Сондықтан бұл талапты өзгертуді сұрап балық шаруашылығы комитетіне хат жолдадық. Келіссөз жүріп жатыр. Келешекте дұрыс болады деп ойлаймын, – дейді Қарағанды балық питомнигінің директоры Денис Муштаков.

Асыл АЙБЕК,

«QH»