Маймыл шешегінен қалай сақтануға болады?

Вирустың әлемде таралуы. 2022 жылдың 13 мамыры мен 24 мамыры аралығында әлемде маймыл шешегі ауруын жұқтырудың 109 жағдайы анықталды. 28 адамда жұқтыру күдігі бар. Өлім жағдайы тіркелмеді.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері бұрын тек Африка елдерінде ғана анықталып келген маймыл шешегінің енді төрткүл дүниеге тарап жатқанына алаңдап отыр.

Әзірге маймыл шешегі инфекциясына шалдыққан науқастар Ұлыбритания, Испания мен Португалияда көп тіркелген. Вирус Канада мен Австралияға да жеткен.

Қазақстан Республикасында маймыл шешегіне күдікті аурумен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ.

Вирустың берілу жолдары. Маймыл шешегінің вирусы адамдарға әдетте кеміргіштер (жолақты тиіндер, ағаш тиіндері, Гамбия егеуқұйрықтары, жолақты тышқандар) мен приматтар сияқты жабайы жануарлардан жұғады.

– Инфекция қанмен, дене сұйықтықтарымен және ауру жануарлардың зақымданған терісімен немесе шырышты қабаттарымен тікелей байланыс арқылы беріледі. Ең жоғары қауіп факторларының бірі – ауру жануарлардың етін тиісті термиялық өңдеусіз жеу.

– Аурудың жұғатын екінші жағдайы – тыныс алу жолдарының жұқтырған секрецияларымен, ауру адамның терісінің зақымдануымен немесе дене сұйықтықтарымен немесе науқас адамның зақымдануынан алынған материалдармен ластанған заттармен тығыз байланыста болу.

Маймыл шешегінің негізгі белгілері. Теріде бөртпе пайда болады, қызу көтеріліп, әлсіздік сезіледі. Егер бойыңыздан инфекцияның қандай да бір белгілері байқалса, шұғыл дәрігерге жүгіну керек.

Инкубациялық кезең 5-тен 21 күнге дейін. Адамдарда клиникада жоғары температура, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ісінуі, бас айналу байқалады. Ұзақтығы 2-3 апта, өздігінен жазылу тән.

Ауыр жағдайлар көбінесе балаларда кездеседі және вирустың әсер ету дәрежесіне, науқастың денсаулығына және асқынулардың ауырлығына байланысты болып келеді.

Бұл ауруға қарсы арнайы емдеу немесе вакцина жоқ, бірақ ауру өршуінің алдын алуға болады.

Алдын алу шаралары. Вирус тасымалдауы мүмкін жануарлармен (соның ішінде ауру жануарлар немесе маймыл шешегі аймағында өлі табылған жануарлар) байланыста болмаңыз. Ауру жануар жанасқан төсек-орын сияқты кез келген материалдарға жанасудан аулақ болыңыз. Жұқтырған науқастарды жұқтыру қаупі бар басқа адамдардан оқшаулаңыз. Ауру жануарлармен немесе адамдармен байланыста болғаннан кейін қол гигиенасын мұқият сақтаңыз. Мысалы, қолыңызды сабынмен және сумен жуыңыз немесе қолтазартқыш қолданыңыз. Науқастарды күту кезінде жеке қорғаныш құралдарын (ЖҚҚ) пайдаланыңыз. Адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика (қашықтық, маскалар, антисептиктер) шараларын пайдаланыңыз, қол гигиенасын сақтаңыз.

Шетелдерге саяхаттаушыларға арналған ұсыныстар:

1) Жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты маймыл шешегінің өршуі тіркелген Батыс Африка елдеріне (Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Оңтүстік Судан) барудан аулақ болыңыз (әсіресе балалармен);

2) Шетелге шыққан жағдайда жабайы жануарларға (приматтар мен кеміргіштер) жақындамау, стихиялық және көше саудасы орындарында тамақ ішуден аулақ болу, тамаққа тек термиялық өңделген етті (азық-түлікті) пайдалану.

Егер сапардан оралғаннан кейін 3 апта ішінде мазасыздық, қызба, бөртпе (қызару, көпіршіктер және т.б.) сезінсеңіз, шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлай отырып, жақын маңдағы медициналық ұйымға дереу жүгініңіз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ:

Африка елдерінен және осы инфекцияның импорттық жағдайлары 2022 жылы тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Аталған инфекцияның Қазақстан Республикасының аумағына әкелінуіне жол бермеу үшін алдын алу шаралары жүргізілуде.

Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Балмаханова Қ.С.,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы