Құмай тазы азайып кетті

Қарағанды облысының Шашубай кентінде тазылар жарысы өтті. Бірінші рет төрт аяқтылар 5 шақырымға жүгірді. Додаға еліміздің 5 бірдей өңірінен (Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар облыстары) 50-ден астам тазы қатыстырылды. Ұйымдастырушылардың мақсаты — бағзыдан қалған бекзада өнерді жастар арасына кеңінен насихаттау. Әрі құмай тазылардың тұқымын анықтап, тізімге алуды көздейді. Мамандардың айтуынша, қазір әлемде иттің 400-ден астам түрі бар. Соның арасында ең жүйрігі, ең иісшілі — қазақтың осы құмай тазылары. Оны енді халықаралық дәрежеде мойындату үшін дәйекті дәлел керек. Яғни Халықаралық кинологиялық ұйымға елімізде 1 мыңнан астам құмай тазы бар екенін растайтын құжат тапсыру қажет. Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда бар-жоғы таза қанды 200 тазы ғана тіркелген. Бұл күні, жарыс нәтижесі бойынша, Балқаш қаласынан келген Нұрлан Нұрғалиевтің екі жарым жасар Басар атты тазысы бас жүлдені жеңіп алды. Ұйымдастырушылар иесіне сәйгүлік сыйлады. Өзге 7 жеңімпазға да жүлдеге ірі қара берілді.

Асыл АЙБЕК,
«QH»