Майқұдықтың жолы биыл пайдалануға беріледі

Майқұдықтың екі жылдан бері жөнделіп бітпей жатқан не бары 11 шақырым жолы биыл аяқталады. Қазір жолдың барлық учаскесінде бір мезетте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен халықтың наразылығы күн сайын үдеп келеді. Себебі ұзын сонар кептелісте тұратын жүргізушілер мен шаңға тұншыққан жаяу жүргіншілер әбден мезі болған.

«Бізге өте қиын. Қаншама кептеліс бар, жұмысқа барып-келгенде қаншама уақыт жолда өтеді. Жөндеу жұмыстарын жаздың ортасында бастайды да қыстың ортасында бітеді. Бір жағынан машинаны да қиратады. Күнде авария», — деп шағымданды жолаушылардың бірі.

Мұндағы қай тұрғын болмасын аудан орталығындағы ауқымды жұмысқа сын көзбен қарайды. Себебі екі жылдан бері бітпей қойған жұмыс әлі сиырқұймышаққа салынып жатыр. Бірақ 150 техника, 250-ге жуық жұмысшы Майқұдық пен Қарағанды арасындағы 11 шақырым жолды жөндеу үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр дейді жауаптылар.

«Қазан айына дейін асфальт-бетон жұмыстары аяқталады. Жалпы жұмыстың аяқталуы осы жылдың аяғына жоспарланған. Ал қосымша жұмыстар, ауа райы қолайсыздығына қарамайтын жарықтандыру, бағдаршам орнату жұмыстары кейін де жалғаса береді», — дейді қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожағапанов.

Жолдың тең жартысы 6 жолақты, ал қалғаны 4 жолақты болады. Онымен қатар жаяу жүргінші жолы, жол жиегіндегі жарықшамдар толық ауыстырылады. Былтыр 5 шақырымға жуық жолдың бір бөлігі жөнделген, келер аптада мұнда көлікпен жүруге рұқсат беріледі. Бірақ, жол белгілері мен бағдаршамдар жоқ. Ал, оқу жылы басталуға жақын. Жұртшылық мектепке баратын балалары үшін алаңдайды. Бұл тарапта қалалық ПБ әкімшілік полиция қызметінің мемлекеттік авто инспекторы Еркебұлан Кәрімғожин «Сол учаскелерде бізде патрульдік полциця наряды күшейтіліп, уақытша жол белгілері қойылады. Жаяу жүргінші жол белгісі қойылмақ. Тәулік бойы жұмыс істейміз»-деп сендірді.

Жол халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Мердігер оған 5 жылға дейін кепілдеме береді. Қазір жер асты сулары жақын учаскелер ескеріліп, ондағы жұмыстар күшейтілген. Жолға қажетті материалдардың 98 проценті отандық. Бұл өнімдердің де талапқа сай болуы жіті бақыланады. Тексеруді жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Қарағанды облыстық филиалы жүргізеді.

Қазір жолдың не бары 1 шақырымы толық аяқталған. Мамандар алдағы үш айда қалған учаскелер де сол 1 шақырым сияқты мұнтаздай болады деп отыр. Атап өткен жөн, 180 мыңға жуық тұрғыны бар Майқұдықтың орталық жолы 10 жылға жуық жөндеу көрмеген. Былтыр бұл жобаға 7,5 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылған болатын.

Жол жөндеу жұмыстары өткен жылы басталды. Бірақ жол бойында туындаған проблемаларға байланысты жұмыс кешіктірілді. Атап айтқанда жер асты сулары мен қолданыстағы инженерлік желілер жұмысты біраз созбаққа салған.

– Бұл жоғары вольтты электр сымдары, ондаған телефон желілері және жеке компаниялардың желілері. Осының бәрін қайта реттеуге тура келді. Сондай-ақ, күрделі мәселенің бірі ол – суағарлар. Асфальт жабынына келетін болсақ, алдымен қалыңдығы 10 см болатын ірі асфальтбетонның бірінші қабатын саламыз, оның үстіне асфальтбетонның тағы екі қабаты болады. Және жоғарғы қабаты таза – қиыршық тасты-маститті асфальтбетон қолдынылады.– деді «Kvintec Construction» мердігер компаниясының бас инженері Сапихан Жапаров.

Осы жылы автомобиль ағындарының басым бөлігі өткен қосалқы жолдар да назарға алынды. Бабушкина көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы айналма жолдар да жөнделеді деп жоспарланып отыр. Себебі осы уақытқа дейін орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан өзге де шағын көшелердегі жұмыс уақытша тоқталыпты. Енді орталық көшенің жолы толық аяқталған соң ондағы жұмыстар қайта жанданады.

Расул МҰХАММЕД «QH»