Майқұдықта балаларға арналған жаңа орталық бой көтереді
Қарағанды қаласының Майқұдық шағынауданында балаларға арналған даму және шығармашылық орталығы салынбақ. Жобаны блогерлер мен белсенділерге таныстыру кезінде оның ерекшеліктері, сонымен қатар ағаштарды сақтау мен көшіру мәселесі талқыланды.
Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеевтің айтуынша, орталық салынып жатқан аумақ саябақтар басқармасына емес, құрылыс басқармасына тиесілі. «Құрылыс компаниясының күшімен бұл ағаштар көшіріледі. Мен оларды саябақ аумағында қалдыруды ұсындым. Егер ескі ағаштарды көшіру мүмкін болмаса, олардың орнына толық көлемде өтемдік отырғызу жүргізіледі», – деді әкім. Заңға сәйкес, бір ағаш кесілсе, орнына кемінде он ағаш отырғызылуы тиіс. Қазіргі есеп бойынша 110 ағаштың орнына 1110 жаңа көшет отырғызылмақ.
Жобаның тапсырыс берушісі – Қарағанды облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Құрылыс компаниясы 1,6 гектар аумақта заманауи орталық тұрғызады. Оның құрамында әкімшілік және спорт блоктары, топтық үйірмелер, арт-, музыкалық және хай-тек студиялар, STEM зертханалары, медиаорталық, коворкинг, жылыжайлар және тағы басқа бағыттар қарастырылған. 7,3 миллиард теңгелік жоба аяқталғанда Майқұдықтың шамамен 600 баласы осы орталықта білім алып, шығармашылығын дамыта алады.
Құрылыс осы айда басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталуы жоспарланған.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»