МАҒЫНАСЫ ТЕРЕҢ МУРАЛ
Қарағандыда тағы бір мурал пайда болды. Бұл жолы арт-нысан Костенко атындағы шахтаның әкімшілік ғимаратын безендірді. Авторлары – Урбанистика орталығы және AIR_G суретшілер тобы. Отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ, кеншілердің еңбегіне деген құрметті білдіретін муралды Qarmet АҚ тапсырыспен салдырған.
Муралда кенші отбасымен, яғни, жұбайы және кішкентай ұлымен бірге бейнеленген. Сурет тұжырымдамасы бірден бірнеше маңызды сәттерді бейнелейді. Ең алдымен, бұл отбасылық құндылықтар және жақын адамдар арасындағы байланысты айқындайды.
– Суретте кеншіні жұбайы мен ұлы жұмысқа шығарып салып тұр. Бұл – отбасының қамқорлығы мен қолдауын, кеншінің еңбегін құрметтеуді көрсетеді. Дулыға мен костюм киген бала әкесінің бойынан батылдықтың үлгісін көріп қана қоймай, мамандыққа деген құрметі мен таңданысын білдіреді. Ал, әкесіне ұсынып тұрған қолындағы тамақ оралған түйіншек – қамқорлықтың символы, – дейді Урбанистика орталығының жоба менеджері Рүстем Қожабаев.
Урбанистика орталығында айтылғандай, муралдағы отбасы шахтаға түсетіндердің барлығына күш пен шабыт сыйлайды. Жұмыстың әр элементі махаббат пен отбасылық байланыстардың маңыздылығын еріксіз мойындатады. Муралдың екінші мағынасы – кенші мамандығының маңыздылығын еске салу.
– Мурал кенші еңбегі тек жұмыс қана емес, жақындарының болашағы үшін атқарылатын асыл миссия екенін ескертеді. Ол өзінің түп-тамырын ұмытпауға, отбасын бағалауға және үйге мақтаныш сезімімен оралуға шабыттандырады, – деп атап өтті Рүстем Қожабаев.
Мурал небәрі төрт күнде дайын болған. Урбанистика орталығы өкілінің айтуынша, оны салу кезінде ешқандай қиындықтар туындамапты.
ЖАНБОТА БЕЙСЕМБАЙ, «QH»