Мақтаулы Мағжан мектебі

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай педагогикалық озат іс-тәжірибені, педагог қызметкерлердің инновациялық, шығармашылық тәжірибесін, жетістіктерін тарату мақсатында «Қарағанды қаласының білім бөлімі» ММ мен «Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия» КММ ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікпен төл құрдас Мағжан мектебі: ізденіс пен шығармашылыққа толы 30 жыл» атты іс-шара өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы негізінде «Тәуелсіздікпен төл құрдас Мағжан мектебі: ізденіс пен шығармашылыққа толы 30 жыл» атты дөңгелек үстелінде гимназия директоры Абылай Армияұлы мектеп тарихына тоқталып, бейнеролик арқылы гимназияның жеткен жетістіктеріне шолу жасады. Шараға білім бөлімі әдіскерлері, серіктес мектептердің директорлары, құрметті қонақтар қатысып, қала мектептерінің жүзден аса ұстазы қашықтықтан ZOOM платформасы арқылы тамашалады.

Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова, Қарағанды қаласы оқуәдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Абдикерова, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ доценті, «Тұлғатану» зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, Білім саласының үздігі, М.Жұмабаев гимназиясының алғашқы директоры Гүлшара Мабиева, гимназияда он жыл басшылық қызмет жасаған Жанкелді Базыл, филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рақымов, «Ortalyq Qazaqstan» газеті кадр бөлімінің меңгерушісі, тарихшы Ерғазы Төлеу тәуелсіздік жайлы, Мағжан шығармашылығы мен педагогикасы жайлы құттықтау тілектерін жеткізді. Гимназияның 30 жылдық мерейтойына орай қалалық білім бөлімі басшысының құттықтауы мен Қазақстан Республикасының Білім министрі Асхат Аймағанбетовтің құттықтаухатын Бақытгүл Химальдинқызына табыстады. Гимназияда 25 жылдан артық қызмет жасаған ұстаздар білім бөлімі басшысының алғысхатымен марапатталды.