Мәжіліс депутаттары медицина саласының өкілдерімен кездесті
Қарағанды өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Асхат Аймағамбетов және Үнзила Шапақ медициналық қауымдастық өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер мен қолданыстағы заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер кеңінен талқыланды. Депутаттар жаңа бастамалардың мақсатын түсіндіріп, медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл кездесу саланы дамытуға бағытталған заңнамалық тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов облыстың медициналық мекемелері қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында жаңа заңнама аясында дәрігерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды, сондай-ақ фармакология саласындағы өзекті тақырыптар көтерілді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған өмірлік маңызды дәрілік заттардың толық тізімі бар. Біз бұл тізімді қарап шықтық, оның ішінде кейбір дәріні алып тастаған жағдайда, белгілі бір сан ғана қалады. Сол себепті, біз осы норманы енгізу қажеттігін қарастырып отырмыз. Бұл шара дәрі-дәрмек қорын тиімді басқаруға, тек ең маңызды және қажетті препараттардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейміз. Сонымен қатар, нормативті түрде бекіту дәрігерлер мен медициналық мекемелердің жұмысын жүйелеуге, пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді оңтайландыруға септігін тигізеді, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Кездесу кезінде медициналық қызметтердің халыққа қолжетімді болуы басты назарға алынды.
– Біздің онкодиспансерде химиотерапияны ескере отырып, жыл сайын шамамен 18 мыңға жуық госпитализация жүргізіледі. Әрбір пациентті ауруханаға жатқызбас бұрын, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті тексерістер жүргізіледі. ЭКГ, жүректің ультрадыбыстық зерттеуі және кардиологпен кеңесу міндетті түрде өткізіледі. Бұл шаралар емдеу процесін қауіпсіз әрі тиімді жасауға, пациенттің жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жүйелі тәсіл дәрігерлерге әрбір науқасқа жеке әрі сапалы көмек көрсетуге жағдай жасайды, – деп атап өтті Қарағанды облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Сергей Шерстов.
Кеңеске қатысушылардың барлық ұсынысты заңдарды әрі қарай жетілдіру барысында міндетті түрде ескерілетін болады. Асхат Аймағамбетов атап өткендей, аталған бастамалардың іске асырылуын өзі тікелей бақылап отырады және олардың нақты нәтижеге жетуін қадағалайды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

