Мәселе айқаймен шешілмейді

Күн тәртібіндегі күйіп тұрған тақырыптың бірі – отбасы ынтымағын сақтау. Соңғы жылдары елімізде ажырасу жиілеген. Бұған қоса жалғызбасты аналардың саны артып, тірі жетім атанған балалар көбейді. Бұған не себеп? Көпбалалы аналарға қандай көмек беру керек? Қайтсек бала құқығын қорғап, отбасы институтын нығайта аламыз?

Шыны керек, кейінгі уақытта қоғамда мәселені зерделеп, ақылмен шешетіндер емес, айқайға басып аттан салатындардың беделі өсіп кетті. Билік тізгінін ұстағандар да көбіне сол аттаншылардың ығына жығылып, даулы дүниелер жөнінде солардың ыңғайына сай келетін шешімдер қабылдап жатады. Рас, сырт көзге аттаншыл қауымның айтқаны дәлелді болып көрінетіні анық. Алайда тереңіне үңілсең, мүлдем басқа картинаны көресің. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылған-ды. Жұрт өре тұрып қарсы болды. Арасында заң жобасын ашып оқығаны аз. Пікір білдіргендердің көбі танымал азаматтардың «заң қабылданса, баламызға иелік ете алмай қаламыз» деген сөзінен шошып, табанды қарсылық көрсетті. Осылайша бұл заң жобасы кері қайтарылды. Әйтсе де оның көздегені мүлдем бөлек дүние еді. Яғни қоғамда он екіде бір гүлі ашылмаған балалардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Әрі ол балалардың басым дені (73%) толық отбасында тәрбиеленген. Сонда оларды өмірден ерте кетуге итермелеген не? Бәлкім, салдарымен емес, себебімен күрескеніміз жөн болар ма еді? Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық азайып, бала құқығына заң аясында ерекше зейін қойылса, суицид те азаяр ма еді? Қоғам қарсылық танытқанымен, бұл заңнан толық бас тартылған жоқ. Қазір ол қайта қаралып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Парламентке жолданған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демография жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова «Мінбер» ақпарат агенттігі алаңында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.

– Бұл заңға қарсы петицияға 22 мың адам қол қойса, керісінше, осы заң бізге керек деген петицияға 87 мың азамат қол қойған. Мен ұлттық комиссияның төрайымынан 7-шақырылымға депутат болып келдім. Президенттің арнайы қабылдауында болып, осы мәселені кеңінен талқыладық. Әрине, қоғам тарапынан талқыға түсіп жатқан мәселелерді жауапсыз қалдыруға болмайды. Әр өңірдің белсенді азаматтарымен жеке-жеке кездесіп, нақты мәселелерді айқындап, ағартушылық бағытта жұмыс жүргізу керек деп таптық.

Заң жобасын қайтарып алған – біз емес, оның алдындағы заң жобасының авторлары. Бірақ бұл мәселе өзекті болып тұрғаннан кейін, бір топ депутаттың бастамасымен 7-шақырылымда біз бұл мәселені күрт өзгерттік. Сөйтіп, бұның орнына отбасы институтын нығайту жобасын ұсындық. Қазір бұл заң жобасы Мəжіліске келіп түсті. Бұл заң жобасын жасардың алдында мен 17 өңірді аралап, сондағы мүдделі топтармен жеке кездесу өткіздік, – дейді Ләззат Керімқұлқызы.

Мәжілісменнің айтуынша, қазіргі таңда заң жобасын талқылауға 150-ден астам сарапшы қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылған. Білікті мамандар қолынан өткен заң қоғамның талабына сай болып, көптің көкейіндегі ойды айта алар деген ойдамыз.

Бұдан бөлек, мәжілісменнің айтуынша, елдегі әр он ажырасу оқиғасының жетеуі құмар ойын салдарынан болады екен. Рас, игромания дерті – тек Қазақстанда ғана емес, бар әлемде бар нәрсе. Елімізде құмар ойындарды ұйымдастыруға, ойынханалар ашуға заңмен шектеу қойылған. Алайда кейінгі жылдары оңай жолмен ақша табуды ойлап сорлап қалатындар көбейді. Бәлкім, құмар ойын туралы заңды қайта қарап, қатаң шаралар қабылдау қажет шығар?! Сонда шайқалған шаңырақ азайып, отбасы ынтымағы нығая түсер ме еді?

Отбасы ынтымағы дегеннен шығады, қазір қоғамда көпбалалы отбасылар мәселесі жиі талқыланады. Әсіресе елордамыздағы бір үйдің бес баласы бірдей тілсіз жаудың құрбаны болған қаралы оқиғадан кейін бұл мәселенің өзектілігі тіптен артты. Әйтсе де көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек оларды масылдыққа тәрбиелемеуі керек. Қайта ол отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың тұлға болып қалыптасуына жағдай жасалып, ата-аналарының кәсіп игеріп, еңбекке араласуына жол ашылуы тиіс. Шыны керек, соңғы уақытта өз құқығын қорғап шырылдаған аналардың үні теріс сипатқа ие болып, қоғамда негатив пікір туғызып жүргені де жасырын емес.

– Қазір айғаймен жеңіске жететін адамдар көбейіп кетті де, өз еңбегімен табысқа жететін адамдардың үні бәсеңдеп қалды. Мен неше түрлі адамдармен жұмыс істеймін. Олардың арасында ешкімге алақан жаймай-ақ бес, алты баласын өсіріп келе жатқан аналар да бар. Солардың біразы маған мұңын шағады. Қазір қоғамда көпбалалы анасың ба, міндетті түрде сен айқай-шу, ұрыс-керістің арасында жүресің деген стереотип қалыптасқан. Өкінішке қарай, айқайлағандардың даусы ғана естіледі де, үні бәсеңдердің сөзіне ешкім құлақ аспайды, – дейді Ләззат Рамазанова.

Расымен де, мәселенің байыбына бармай аттандай жөнелетін жандардан қоғам әбден мезі болды. Бұған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, шу шығаруға құмар блогерлер мен белсенділерге тоқтау салуды тапсырған еді. Егер жауапты орындағы жандар шу шығарғандардың ықпалында кетпей, мәселенің мәнісін түсіндіріп, байбыбына бара білсе, көп нәрсе өз орнына келер ме еді…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»