Мұражайда сабақ өтеді

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы үш жылдан бері оқушыларға мұражай сабақтарын өткізіп келеді. Биыл бір ғана маусым айында сабаққа 250 бала қатысты.

Сабақтарда оқушыларды мемлекеттік және халықтық мерекелермен, сондай-ақ ел тарихындағы маңызды оқиғалармен өнер туындылары арқылы таныстырады. Мұражайдың шығармашылық атмосферасы оқу процесін қызықты және есте қаларлықтай етеді.

– Мұражай қоры негізінде «Кескіндемедегі әйел бейнесі», «Алғыс айту күні», «Жауынгерлік жанр» сабақтары өтеді. Шілде айында «Жаз бояулары», сондай-ақ «Менің сүйікті елордам» сабағы өтеді, онда Нұр-Сұлтанның мүсіндік композицияларының және елорданың басқа да көрікті жерлерінің фотосуреттері көрсетіледі, – дейді мұражай директоры Бибігүл Құдабаева.

Мұражай сабақтары «Баршаға арналған өнер» бағдарламасы аясында, негізінен, жазғы лагерьлердегі балаларға арналып өтеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»