Мүлік салығына қатысты сұрақ-жауап

Санаулы күндерден кейін, яғни ағымдағы жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың 2021 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады, осыған байланысты Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаменті Қарағанды облысы тұрғындары тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Сұрақ: 2021 жылға жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі?

Жауап: 2021 жылға мүлік салығы бойынша салық төлеу салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша бюджетке жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей жүргізіледі.

Сұрақ: Мүлік салығының сомасын қайдан білуге болады?

Жауап: Жеке тұлғалардың мүлік салығының есептелген сомасы туралы ақпаратты білуге болады:

– Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталындағы Электронды сервистер бөлімінде «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» арқылы;

– «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Салық әмияны» сервисі арқылы;

– Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы (Каспи, Халық банктері).

Сұрақ: Жеке тұлғалардың мүлік салығын қандай деректемелерге төлеу керек?

Жауап: Жеке тұлғалардың мүлік салығының деректемелері: БСК – 104102, ТТК – 911.

Сұрақ: Неліктен жеке тұлғалардың мүлік салығы жыл сайын өзгеріп отырады?

Жауап: Мүлік салығының сомасы әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ анықтайтын мүлікті бағалауына байланысты. Бағалау құнының өсуі АЕК-тің 2020 жылғы 2 651 теңгеден 2021 жылы 2 917 теңгеге өзгеруіне, сондай-ақ аймақтарға бөлу коэффициентінің ұлғаюына байланысты.

Сұрақ: Зейнеткерлер, көпбалалы аналар және көпбалалы ата-аналар мүлік салығын төлеуден босатыла ма?

Жауап: Иә, 1000 еселенген АЕК шегінде босатылады. Егер салық сомасы осы мөлшерден асып кетсе, онда артық мөлшер төленуге тиіс.