Мәдени жәдігерлер көрмесі
Мәдени мұра балалар назарында. Қарағандыда рухани мәдениет, ұлттық құндылық артефактілері мен жәдігерлерінің көрмесі өтті. Көрмедегі көркем туындылардың өз айтары бар.
Қарағандыда материалдық және рухани мәдениет жәдігерлерінің көрмесі өтті. Аталмыш шара саяхатшы және өлкетанушы Григорий Потанин атындағы мектепте ұсынылды.
– Бізде 2020-2021 жылдары мектебімізде «Ұлыларды ұлықтау» Григорий Потанин әлеміне саяхат деген, үлкен жоба пайда болды. Осы жобаның нәтижесінде, 2022 жылы 5 қазанда біздің мектебіміз Григорий Потанин есімін алды. Сол жобаны іске асыру барысында, 2021 жылы біздің мектебімізде алғаш рет, Потанин және біздің Алаш зиялыларына арналған мектеп музейі ашылды, – дейді Григорий Потанин атындағы мектеп музейінің директоры Назым Мейірбек.
Мектеп музейінде ашылған көрмеде балалар жасаған қолөнер туындылары көрініс тапқан. Мектеп директорының айтуынша, оқушылар Қазақстан тарихындағы ақпараттарға сүйене отырып, өздері оқыған материал негізінде айтулы жерлер мен адамдардың мүсіндері мен макеттерін жасайды. Айтары, музейдегі жәдігерлер Алаш зиялыларының еңбектерін, қайраткерлік болмысын айшықтай түскен.
– Музейдің аты айтып тұрғандай, «Потанин және Алаш зиялылары» сол кісілер бойынша музейде толық ақпараттар бар. Сонымен қатар енді Потанин жалпы этнограф, ғалым болғандықтан біздің музейде балалардың қолдан жасалған бұйымдары, макеттері сақталған. Музейімізге келген қонақтар біздің тарихи жәдігерлерімізді тамашалай алады. Алтын адамдарды және біздің өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз, баспанамыз киізүйді көре алады, – дейді Назым Мейірбек.
Рухани мәдениет көрінісін сипаттауға атсалысқандардың бірі – Максим Шеллер. Жас тарихшы Аралтөбе қорғанына қызығушылық танытып, табылған жерлеу орындарының макеттерін жасап шықты.
– Аралтөбе қорғанын 1999 жылы Атырау облысы аумағында археологтар қазған. Қазба жұмыстары барысында сол жерден ер мен әйелдің, болжам бойынша көсем мен оның әйелінің жерленген жері табылды. Алтын адам қорғаны сынды бұл қорғаннан да, көп жәдігерлер анықталды. Қару-жарақтардың ішінде қылыш, қанжар, жебе садақтар, алтын жалатылған темір бұйымдар, сонымен қоса киімге әртүрлі формада зергерлене жапсырылған 400-ге жуық алтын элемент болған, – деп түсіндіреді Григорий Потанин атындағы мектеп оқушысы Максим Шеллер.
Тарихи деректер негізінде жасақталған көрмедегі жәдігерлер балалар еңбегі. Жалпы жобаға мектептегі барлық оқушы қатысқан. Бұл халқымыздың мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғыртуға мүмкіндік береді. Оқушылар осы жоба аясында облыстық іріктеуге жолдама алды. Ол мәдени көрме Қарқаралыда мамыр айында өтеді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»