Мұңайшылар да Конституцияға енгізілетін өзгертулерді қолдауға белсене дауыс берді
ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында дауыс беру үшін 10 мыңға жуық адамнан өтініш түскен. Соған байланысты мұнда 19 көшпелі бекет ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, референдум комиссиясының штабына Теңіз кен орнында вахталық жұмысқа келген 10 мыңға жуық адамнан өтініш түскен.
Еліміздің бірнеше өңірінен келген жұмысшылардың бір бөлігі тұрғылықты тіркелген мекенжайындағы учаскелік комиссияға жүгініп, есептен шығару куәлігін әкелген.
«Жылыой ауданындағы Теңiз кен орнында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгiзiлетiн өзгерiстер жөніндегі республикалық референдумға дайындық бiрнеше аптаға созылды. Референдум учаскелері «Теңізшевройл» компаниясы мен мердігер ұйымдардың вахталық қалашықтарында орналасқан. Дауыс беруді ұйымдастыру үшін қажетті көлік құралдарымен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Теңіз кен орнынан аудан орталығы – Құлсары қаласынан бақылаушылар келді», -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Еске салайық, бұдан бұрын Атырау облысында әскерден бүгін оралған 4 жігіт бірден дауыс беруге келгенін хабарлаған едік.