Ұлытау облысына қандай қалалар мен аудандар кіретіні белгілі болды
Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XII сессиясында өңірдің жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі талқыланды.
Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларын, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарын қосу ұсынылды.
Қарағанды облысында Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск және Приозерск қалалары, сондай-ақ Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет — барлығы жеті аудан қалады.
— Облыста Ұлытау облысын құру бойынша әкімшілікаумақтық құрылыс мәселелерін шешу алгоритмі әзірленді. Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 12-13 сәуірде жоғарыда аталған өңірлерді Ұлытау облысының құрамына қосу жөнінде мәслихаттардың қалалық және аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша тиісті бірлескен актілер алынды, — деп баяндады Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Оның айтуынша, өңірді бөлудің орындылығы туралы ғалымдардың оң қорытындысы алынды. Ғылыми сараптама Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жасалды.
Жүргізіліп жатқан қайта құрулар бойынша тиісті экономикалық есептеулер жүргізілді.
Үкіметке Қарағанды облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныстар енгізілетін болады. Схемалық карта жобалары әзірленді.
— Шешім тексерілді . Аймақтың бөлінуі бар — лық жағынан қарасты — рылған . Тұрғындардың пікірлері ескерілді , — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек
Еске сала кетейік, 16 наурызда ҚР Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын құру бастамасы туралы арнайы айтылған еді.