ҰЛЫТАУҒА ЖАЯУ ЖЕТТІ
Қарағандылық продюсер Асхат Қажытай Ұлт ұясы – Ұлытауға жаяу жетті. 12 күн ішінде ол 777 шақырымды еңсерді. Саяхатшы Ұлытау ауданында «Қайырымды километр» қайырымдылық акциясы аясында бір отбасыға 50 мың теңге табыстады.
Асхат Қажытай өзінің «Жаяу» жорығын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Жол бойы ол әлеуметтік желілерде Сарыарқаның көрікті жерлері мен киелі нысандары туралы әңгімеледі. Осылайша ол қызықты орындар мен адамдарға көпшіліктің назарын аударды. Марафон аяқталғаннан кейін өзінің саяхаты туралы бейне есеп шығаруға ниетті.
– Бұл менің алғашқы жаяу марафоным емес. Өткен жолы мен өз командаммен бірге Қарағандыдан Ақсоранға дейінгі 333 шақырымды жүріп өттім. Бақытымызға орай, бізде қонақжай адамдар жетерлік. Біз әрқашан түнейтін орын тауып отырдық. Бұл жолы мен Ұлытауды таңдадым, себебі ол өзінің туристік әлеуетімен бірегей, – деп атап өтті Асхат Қажытай.
Ерболат ҚУАТБЕК