Құлыптасағы QR — код
«Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады». Алайда бұл мақалдың мағынасын өзгертуге бүгінгілер барын салуда. Бейітке де бәсекені байланыстырғандар барын шашып, зәулім мазар салып, қолы қысқа дегеннің өзі мәрмәр тастан қаламаса да, қызыл кірпіштен өріп зират тұрғызады. Шариғат талабын шетке ысырғандар бүгінде қорым басын шағын «шаһарға» айналдырған. Бәсекелестікті дамыту керек дегенді басқаша ұққандар тірі жүрген туғандарына жер алып, алдын-ала қоршап қоюды қалыпты үрдіске айналдырған.
– Өкінішке қарай, бүгінде әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет бейіт салу үрдісі белең алуда. Негізінде мақтану, байлығын көрсету, бәсекелестік үшін зират тұрғызу – шариғатта құпталмаған іс. Қыруар қаржыға тұрғызылған зәулім мазарлардың марқұмға пайдасы да сауабы да тимейді. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан жан-жануар үстін таптамау үшін қоршауға рұқсат етілген. Ал егер мазарстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни белгі қоюмен шектелу керек.
Ал бақталастыққа ұрынып, жарысқа түсу ысырапшылдық. Сондықтан да мазар құрылысына жұмсалған қаржыны марқұм болған кісінің атынан кембағал, міскін, мұқтаж адамдарға жәрдем ретінде берсе, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.
Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды. Міне, бұл шариғаттың бізге белгілеп берген жолы. Одан өзгенің бәрі ысырапшыдық, — дейді ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА.
Зиратты марқұм болған жанның мәңгілік мекені емес, архитектуралық нысанға айналдырғандар иманның саяздығын көрсетеді дейді имам.
Діндегі бұл дүдәмалдықты жою үшін зират тұрғызу тәртібін бірізділікке бағыттайтын «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Алдағы уақытта зираттарды бірізділікке келтіру үшін бүгінде ҚМДБ-ның тарапынан қолға алынған салттық қызмет көрсетудің тиімді тұстары халыққа түсіндірілуде. Біздің аймақтың жауапты өкілі ретінде Бақдаулет Әбілдаев бекітілді.
Имамдардың кезекті форумында «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданған. Оны еліміздегі имамның барлығы дерлік мақұлдады. Бұдан бөлек, «Ас беру мәдениеті» атты құжат та қабылданған. Құжаттардың мақсаты бір – ысырапқа жол бермеу, бәсекелестікті тоқтату.
Ендігіде зиратты толықтай қоршауға алып, оның тазалығы мен орналасу реттілігіне баса мән берілетін болады. «Qamqor-Sharapat» орталығының негізгі бағыты — жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдыққа жол бермей, жерлеу рәсімдерін шариғат нормаларына сай етіп, өркениет көшінен де артта қалдырмау болып табылады.
Артта қалмау демекші, дамушы ел ретінде заманауи технология тетігін бар саламен байланыстырып жатырмыз. Бұл жаңашылдық дін саласында да тиімді қолданысқа енгізілмек. Нақтылай айтқанда марқұмдардың зират басындағы көктасына QR-код қою. QR-кодта марұмның жатқан жері де белгіленіп, өмірбаяны ақпараттық базаға енгізіледі. Осы арқылы ұялы телефонымен марқұм туралы біраз ақпарат біліп, тіпті фотосын да көруге болады. Бұл тың дүние марқұмдардың жерленген жері туралы деректің жоғалмауына көмектеспек. Құлпытастағы QR-код қазірде Астанада қойыла бастады. Осылайша жер-жерде қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде ата-баба басына қаншама жылдардан кейін зиярат етіп келетін болашақ ұрпақтың бейіт басын кезіп, жақындарының жатқан жерін ұзақ іздемеуге, өмірден өткен туысқанының кім екенін білуге көп көмек болмақ.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ QH