Ұлттық спорт күні: Қарағандыда мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада өтті

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бастамасымен Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Қарағандыда Қазыбек Нұржанов атындағы жеңілатлетикалық манежде мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық ойын түрлерінен облыстық деңгейде жарыс өткізді. Биылғы наурызнамадағы бұл жарыс Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылды.

Спартакиаданың ашылу салтанатына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев, Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанынан құрылған Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

– Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – көктемнің ерекше күні, ақ көбейіп, алыс жақындап, ренжігендер татуласатын жыл басы. Биыл елімізде наурызнама қайта жанданып, әр күнге жеке атау берілді. Осы тұжырымдама аясында бүгін – Ұлттық спорт күні. Осыған орай бүгін, міне, мемлекеттік қызметшілер арасында былтыр басталған облыстық спартакиада өтуде. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін! – деп Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа облыстың барлық ауданы мен қалаларынан жалпы 188 мемлекеттік қызметші 12 команда жасақтап қатысты.

– Наурыз қарсаңында біз ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік қызметшілер арасында екінші рет жарыс өткізіп отырмыз. Оған облысымыздың әр ауданы мен қаласынан мемлекеттік қызметшілер қатысуда. Бұл жарыстың басты мақсаты – ұлттық ойындарымызды, салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар мемлекеттік қызметтің оң беделін, оң имиджін арттыру, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев.

Жарыс бағдарламасы алты спорт түрінен тұрады, олар: тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату, гір көтеру және қоян-қолтық күрес. Қарағанды қаласының Дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков гір көтеруден сынаққа түсті.

– Әдеттегідей Қарағанды қаласы әкімдігі тарапынан жеке құрама командамызды додаға салып осы жарысқа қатысып отырмыз. Өз басым гір көтеруге қатысамын. Жалпы, барлық әріптесім де жарысқа жақсы дайындықпен келді. Наурыз қарсаңында осындай жарыстардың өтуі өте жақсы, қызықты. Әкімшілік жұмыс болғаннан кейін, бұл – жұмыс арасындағы қызық сәттердің бірі. Гір көтерумен кәсіби түрде айналыспаймын, алайда әуесқой спортшы ретінде осындай жарыстарға қатысып тұрамын. Алдыңғы жылы командалық және жеке жарыстарда да жүлделі орындарға ие болған едік, осы жолы да жақсы нәтиже көрсетеміз деп отырмыз. Командамызда көбі спортпен шұғылданады. Соңғы жылдары мемлекетіміз спорт саласына көп көңіл бөлуде. Қаламыз облыс орталығы болғаннан кейін, көптеген спорттық нысан ашылып жатыр. Жалпы, спортпен шұғылдану үшін түрлі жастағы тұрғындарға барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті Берік Досымбеков.

Қарқаралы ауданына қарасты Қ.Аманжолов атындағы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Мейрамгүл Сейілханова садақ атудан сайысқа түсті. Ол бұл спортты 2015 жылы жамбы атудан бастаған екен.

– Мен дәстүрлі садақ атуға қатысамын. Былтыр екінші орынға ие болдық. Алла сәтін салса, биыл да сол деңгейді сақтаймыз деп ойлаймын. Мен садақ атуды 2015 жылы ат үстінде жамбы атудан бастағам, содан бері арасында осылай жарыстарға қатысып тұрамын. Садақ өзімдікі, оны арнайы сатып алғам. Бұл – дәстүрлі садақ түрі, Украинада жасалған, – деп бөлісті Мейрамгүл Сейілханова.

Шет ауданының командасы ұлттық стильдегі бірыңғай формасымен ерекшеленді.

– Біз барлық спорт түріне қатысамыз. Тобымызда басым бөлігі – жас маман. Жарысқа тынғылықты дайындалдық. Биыл, көріп тұрғандарыңыздай, ұлттық стильде осындай біртұтас форма киіп шықтық. Мемлекеттік қызметшілер ұлттық спорт түрлерін насихаттауға күш салуы тиіс, – деп есептейді Шет ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов.

Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Бұқар жырау ауданының мемлекеттік қызметшілері иеленді. Шет ауданының өкілдері екінші болды, ал үшінші орында – Қарқаралы ауданы.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, грамота және медальмен марапатталды.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH