Ұлттық құрылтайда қандай мәселелер көтерілді?

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында дін, ұлттық құндылықтар, отбасында әйелдерді кемсіту, сондай-ақ жастар арасында есірткінің белең алуы, мемлекеттік тіл және Наурызды жаңаша тойлау жайлы мәселелерді сөз етті.

 

Президентіміз атап өткендей, құрылтай ешқашан да сән-салтанатты кездесулер мен бос әңгімелердің алаңы болмаған және болашақта мұндай болмайды да. Сондай-ақ Президент өткен жылдың күзінде жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы мәлімдегенін, ақпан айында Үкімет ауысқанын, оған жаңа міндеттер жүктелгенін атап өтті. Мен өзім үшін келесі негізгі ойларды ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, Мемлекет басшысы бүкіл қоғамды ұлттық мақсаттар мен құндылықтар төңірегінде топтауға шақырды. Мұның даму және алға жылжу әрі барлық жоспарымызды жүзеге асыру үшін қажет екенін айтты. Сондай-ақ рухани тамырымызды нығайтуымыз керегін, мемлекетіміздің зайырлылық мәртебесі – толеранттылық, ол отбасылық дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды ұстану екенін атап өтті.

Және маған Президентіміздің құрылтайда ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген қанатты сөзін келтіруі ерекше есімде қалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы аға буынды жастарымызға жол көрсетуге, дұрыс бағыт-бағдар беруге шақырып, елімізде талантты, білімді, белсенді жастардың көп екенін, біздің міндетіміз олардың бойына асыл және прогрессивті қасиеттер сіңіру екенін айтты. Жастарымыз сыртқа ағылып кетпеуі және шетелде білім алғаннан кейін елге оралуы үшін барлық жағдай жасалуы керек екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент тағы да тіл тақырыбына тоқталды. Президент мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу мемлекет саясатының басты бағыты екенін атап өтті. Президент: «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың арасында көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді. Осы орайда ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын ерекше атап өтті. Және ірі бизнесмендеріміздің мүмкіндігіне қарай қорды қолдауын ұсынып, қазір сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кез жеткенін баса айтты.

Ұлттық құрылтайда сөз болған тағы бір мәселе – Наурызды жаңа форматта тойлау. Наурыз мейрамы енді еліміздің барлық өңірінде Көрісу күнімен басталады. Бұл дегеніміз – бір-бірімен амандасуды білдіретін мейрам. Біз де мәслихатта барлық әріптесімізбен құшақтасып кездесіп бейнебаян түсірдік. Сондай-ақ ол ұлттық киім кию тақырыбына тоқталып, Наурыз мейрамын тойлау кезінде 18 наурыз Ұлттық киім күні болып жарияланды. Осы орайда біз де мұны қолдап, сол күні әріптестерімізбен бірге барлығымыз ұлттық киім киіп жүрдік. Мен бүгінгі таңда салт-дәстүрімізге үлкен мән беріп жатқанына қуандым.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру қажет екеніне айрықша тоқталды. Ол ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасындағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару жайын айтты. Оның айтуынша, мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі қазіргі заман талабына мүлде келмейді. Меніңше, бұл да – бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі. Себебі бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, қорлау, агрессия фактілері жиілеп кетті, соңғы кездері қатыгездік белең алып бара жатыр, адамды балағаттап, кемсітіп, ұрып кетіп жатқан жағдайлар жиі кездесуде, мысалы, жедел жәрдем жүргізушісі туралы оқиғаны еске алсақ.

Сондай-ақ вандализм, мәдени мұраны бағаламау, ысырапшылдық туралы да айтылды. Сонымен қатар отырыста нашақорлық мәселесі де сөз болды. Президент бүгінде 7 500-ден астам қылмыстың ашылғанын, 41 тоннадан астам есірткі тәркіленгенін, нашақорлықтың балалар арасында өте тез тарап жатқанын айтты. Осы орайда уақытты босқа өткізбей, есірткімен күресті күшейту керек екенін, өйткені ертең кеш болуы мүмкін екенін атап өтті.

Және мен үшін аса маңызды басты тақырып болған – әлеуметтік сала. Мемлекет басшысының кездесудегі басты екпіндердің бірі – 1 наурыздан бастап Ақтауда «Отау» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Бұл бағдарлама қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие екенін, жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет екенін, бұл ауылдардың, аудан орталықтарының тұрғындарына әсер ететінін, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспауы керегін айтты. Сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін тұрғын үйге де көп көңіл бөлінді. Сондай-ақ ірі бизнесмендерімізді, олигархтарымызды мешіт қана емес, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай, спорт кешенін салуға шақырды.

Міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында осындай ауқымды әрі маңызды мәселелерді қозғады. Мұның барлығы да үлкен маңызға ие, біз халық болып, еліміздің азаматтары болып Мемлекет басшысы атап өткен осы игі істерді қолға алып, әрі қарай дамыта білуіміз керек деп санаймын. Және бұл айтылған мәселелер жай сөз болып сол жерде қалмай, алдағы уақытта жүзеге аса бастайтынына сенімдімін.

Шалабаева Зара Хамитқызы,

Облыстық мәслихат депутаты,

«Қарағанды қаласының Добряков клубы» басшысы