Ұлттық құрылтай ұлт мүддесіне қорған болуы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажет», – деп атап өтті. Құрылтайдағы келелі мәселелер туралы қоғам белсендісі пікір білдірді.
Ұлттық құрылтай 15 наурыз күні, Наурыз қарсаңында тарихи өлке – Атырау жеріндегі Жайық жағасында өтті. Алғашқы Ұлттық құрылтай 2022 жылы ұлт ұясы Ұлытау жерінде бастау алса, былтыр киелі Түркістанда жалғасын тапты. Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. «Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады», – деген Президент құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналғанын, бұл жолы Атырау қаласында өтіп отырғанының тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
– Қазақ деген елдің бірігіп ел болуының басында тұрған Жошы ұлысының кіндігі болған Сарайшық қаласының маңында, Атырау қаласында өтуі тарихи бір үлкен ізбен келе жатқанымызды көрсетеді. Тарихтан тамыр тартып, өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі күннен сабақ алуымыз керек, – деп тоқталып өтті ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ҚОФ директоры Серікжан Байбосынов.
Қоғамдық мәселелерден қалыс қалмай салмақты пікірін білдіріп жүрген Серікжан Байбосынов құрылтайдағы айтылған ең маңызды ой «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дейді. Яки Президентіміз алға тартқан негізгі ой – адалдық. Ұлт сапасын жақсартамыз, елімізді өркендетеміз, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалын көтереміз десек, әр іске адалдық керектігі анық. Осы ретте Мемлекет басшысы әр адамның өз істеген ісіне асқан жауапкершілік танытып, табысы адалынан болуына екпін салды.
Шындығында, бизнесті қолдауға елімізде айтарлықтай жағдай жасалуда. Бизнес-жоспар болса, кәсіп бастауға грант беріледі, жеңілдетілген несие ұсынылады. Серікжан Байбосынов жас кәсіпкерлерді қаржылық қолдау сынды мүмкіндіктер бізден басқа елде жоқ екенін айтты. Алайда үкіметтен қолдау болғанымен сол кәсіпкерден, оның қызметінен елге, халыққа тиген пайда көріне бермейді-міс. Бизнес-жобалар жарты жолда қалып, берілген қаржының қалай жұмсалғанын қадағалау жоқ. Осы тұрғыда айтарлықтай кемшілік кездесетінін де қаперге салды спикер.
– Осы жерде айтылған ең маңызды ой, әрине, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» емес пе? Бұл жерде Президенттің негізгі жолдаған ойы, тіпті ниеті деп айтсам да болады. Халыққа қай істе болмасын, мемлекеттік, тіпті жеке сектор, тіпті өзіңіз қам-қарекет жасап жатырсыз ба? Қай жерде жүрсеңіз де, мейлі мұғалім болыңыз, мейлі дәрігер, дәнекерлеуші болыңыз, бастысы – жасаған жұмысыңызды адал, сапалы, алатын маңдай тер ақыңызды таза жолмен алуға үндеу. Әрине, осының арасында бизнес өкілдеріне үлкен ой айтылып жатыр. Бизнесті қолдауға үлкен жағдай жасалған. Шындығында, Қазақстанда кәсіп бастаймын деген азаматтарға жол ашық. Жеңілдетілген несиелердің пайызы анағұрлым төмен. Басқа елдерде мұндай мүмкіншіліктер жоқ, егер салыстырып қарайтын болсақ. Беріліп жатқан гранттардың көлемі де жас кәсіпкерлердің көңілінен шығып отыр. Енді осы жерде біз мемлекеттің беріп жатқан мүмкіндігін дұрыс пайдалануымыз керек. Жастар өздеріне жауапкершілік алып, өзінің алдына қойған жобасын соңына дейін жеткізіп, нәтижелі өнім алса, нәтижелі қызметке қол жеткізсе, әрине, бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан, менің ойымша, осы тұрғыда әр азамат өзінің ісіне жауапкершілікпен қараса, еліміздің дамуы мен гүлденуіне бірге қол жеткізер едік, – дейді Серікжан Байбосынов.
Сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады. Мұндағы бас қосуда тек мәселе айтылып қана қоймайды, оны шешудің жолдары да қарастырылады. Нәтижесінде Ұлттық құрылтай азаматтардың ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»