Ұлттың үні – тілде, тілдің тірегі – қоғамда
Қазақ тілі – ұлттың ұлы қазынасы. Мемлекеттік мәртебеге ие тіліміздің тағдыры – баршамызға ортақ. Қарағанды секілді ірі индустриалды қалада қазақ тілінің көлеңкеде қалып, орыс тілінің үстемдік құрып тұрғаны – шындық. Дәл осы кезеңде тіл жанашырларының бастамасымен құрылған «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі бүгінде мемлекеттік тілдің болашағына алаңдайтын, нақты іспен айналысатын белсенді ұйымға айналып отыр.
2021 жылғы ақпанның 4-і күні Қарағандыда елдің зиялы қауымы – Темірғали Көкетаев, Қойлыбай Асанов, Жұпар Жақанова, Жансая Жарылғапов, Марат Түсіпов, Мирлан Қызылов секілді елге белгілі азаматтардың қолдауымен бірлестік басшылығына сайланған кезіміз әлі есімізде. Бұл – үлкен сенім, зор жауапкершілік болатын. Кезінде Тем-ағамыз өзі басқарған қоғамның жұмысын тоқтатпай, қайта серпін беруді аманаттап кеткен еді. Ол кісі – сөздің емес, істің адамы болатын. Оның өмірлік ұстанымы, мемлекетшіл мінезі, қазақ тіліне деген жанашырлығы бізге бағдар болды. Облыстық қазақ тілі қоғамына қаланың қақ ортасынан – Достық үйінен арнайы орын алып беруі – сол тұстағы парасаттың, ұлтқа жанашырлықтың жарқын көрінісі еді. Өкінішке қарай, бүгінде сол кеңседен айырылып, Қасым үйінен пана іздеуге мәжбүр болдық. Мемлекеттік деңгейде қолдау әлсіз болғанымен, қоғам өз миссиясын тоқтатпай, жұмысын жалғастырып келеді. Бұл ретте белгілі қаламгер, қоғам мүшесі Жаңабек Нардың:
«Кабинет керек біздерге –
Ұлтымның жоғын түгендеп,
Терең тамырын іздеуге…» – деп басталатын жыр жолдары қоғам мүшелерінің жанайқайын бейнелейді. Қоғамның басты мақсаты – халқымыздың рухани байлығын, тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғырту. Біз ұлттық сана мен мемлекеттік идеологияның өзегіне айналуы тиіс құндылықтарды негізге ала отырып жұмыс істейміз. Мақсатымыз – жастарға рухани тәрбие беру, елдік мұраттарды насихаттау, ұлтты тануға бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Қазіргі таңда қоғам мынадай бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр: «Тіл – тұғыр» – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, заңнамалық орындалуын қадағалау, «Мәдени тоғыс» – мәдени шаралар арқылы қоғамның рухани келбетін жаңғырту, «Асыл қазына» – салт-дәстүр мен ділдік құндылықтарды ұлықтау, «Сөз ұстаханасы» – тіл майталмандарын дәріптеу, көркем сөз құдіретін таныту, «Қазақ әліпбиі» – латын графикасына көшу мәселелерін зерделеу, сауатты қадам жасау, «Туған өлке тарихы» – қасиетті жерлерді зерттеп, танымдық бағыттағы жұмыстар жүргізу, «Балаларға базарлық» – балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ойындарды жаңғырту, шығармалар шығару. Ұлт зиялысы Қадыр Мырза Әли: «Ұлт болудың ең басты шарты – ұлттық тіл», – деген. Қазақ тілінің тағдыры – халықтың өз қолында. Ал заң жүзінде тілді қорғау – биліктің, мемлекет механизмінің мойнындағы жауапкершілік. Біздің елімізде 15-тен астам тілге қатысты заңдар мен актілер бар. Бірақ олардың сапасы, әсіресе мемлекеттік тілдегі нұсқалары сын көтермейді. Заңдар алдымен қазақ тілінде жазылуы тиіс. Бұл – елдігіміздің, егемендігіміздің белгісі. Қарағандыда ресми жиындардың көпшілігі орыс тілінде өтеді. Мемлекеттік мекеме басшылары қазақ тілінде сөйлей алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде тарайтын жаңалықтар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін барып аударылады. Мұның өзі ақпараттық алаңда қазақ тілінің кешеуілдеп қалуына алып келеді. Техникалық, медицина, қаржы салаларында сапалы қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқтығы – жастардың білім алуына кедергі. Студенттер орыс тіліндегі материалдарға жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін: Қазақ тіліндегі оқулықтарға мемлекеттік гранттар бөлінуі қажет, әр салаға лайық сапалы терминологиялық база жасақталуы тиіс, мемлекеттік мекемелердің барлық құжат айналымы қазақша жүруі керек. Балалар мультфильмдері де қазақша жетім. Бүгінгі ұрпақтың тілі YouTube, TikTok арқылы қалыптасып жатыр. Сондықтан анимациялық өнімдер сапалы, қызықты әрі қазақы танымға сай болуы қажет. Бұл – идеологиялық қару, тәрбиенің бір бағыты. Қарағандыда әлі күнге дейін «Пришахтинск», «Осакаровка» сынды кеңестік атаулар тұр. «Гормошка» атанып кеткен үйдің төбесіндегі «Караганде – образцовый порядок…» деген жазуды әлі ешкім алғыза алмай отыр. Бұл – мемлекеттік ерік-жігердің әлсіздігі емес пе?
Қоғам бұл мәселелерді бірнеше рет көтеріп, ұсыныстарын білдіріп келеді. Тіпті Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан атын беру – қоғам мүшелерінің бастамасымен жүзеге асты. «Арт площадка» қоғамдық қорымен бірге ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш жобасын әзірледік. Алайда бұл жоба да түрлі себептермен аяқсыз қалуда. Егер ел басына күн туған нәубет тарихын ұмытсақ, болашақ ұрпақ кімнен үлгі алады?
Сөз соңында…
Қазақ – сөз қадірін түсінген халық. «Сөз – киелі» дегенді бекер айтпаған. Тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, рухы, болмысы. Біз «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» ретінде тілімізді төрге шығару жолында әлі де талай еңбек етуге дайынбыз. Ұлтқа қызмет – ұрпаққа міндет. Сізді де елдік іске, тілге тірек болуға шақырамыз. Қоғам есігі – әрқашан ашық. Қолдау көрсетем десеңіз – қош келдіңіз!
Елеужан СЕРІМОВ,
«Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» ҚБ төрағасы,
заң ғылымдарының кандидаты