ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ДОДАСЫ ҚАРАҒАНДЫДА ЖАЛҒАСТЫ

Қарағанды қаласында командалық айтыстың кезекті кезеңі ұйымдастырылып, ұлттық өнер мерекесіне айналды. Бұл жолы Қарағанды және Павлодар облыстарының өкілдері сахна төрінде кездесіп, жартылай финалға жолдама сарапқа салынды.

Командалық айтыс – 2024 жылдан бастап қолға алынған ауқымды жоба. Екі жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл өнер додасы төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ел бойынша 20 команда сынға түсіп, үздіктер іріктелді. Екінші кезеңде 10 команда бақ сынаса, үшінші кезеңде балдық жүйе арқылы төрт үздік команда анықталуда. Соңғы кезеңге жолдама алған қос команда 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін ақтық сында бас қосады.

Кезекті айтыс Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Сайыс алдында павлодарлық делегацияны салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Өнер додасы сүре айтыс, қайым айтыс, түре айтыс, жұмбақ айтыс секілді түрлі форматтағы тартыстарды қамтыды. Сонымен қатар, жыр-терме, күй мен дәстүрлі ән сайыстары да көрермен ықыласына бөленді. Қатысушылар суырыпсалмалық қабілеті мен тапқырлығын танытып, өңір ерекшеліктерін жырға қосып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттады.

– Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан осы сәтті тағатсыздана күтіп отыр. Өте қызықты әрі маңызды жоба. Айтыстың дамуы мен көрерменнің кеңеюіне үлкен үлес қосқан Жүрсін Ерман ағамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Оның арқасында айтыс жолға қойылып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Енді, терме, жыр, күй сынды дәстүрлі өнер түрлерінің бәрін айтыстың айналасында біріктіру мақсатында Аманжол ағамыз осындай мега жобаны қолға алып, оны сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аяқталуға аз қалды. Бүгінгі айтыста жеңіске жеткен команда үшін Астанада жартылай финал өтеді. Финалға екі команда жолдама алып, жақында ғана Түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болған Маңғыстау облысында өтетін болады, – деді айтыскер ақын Өміржан Көпболсын.

Жоба Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларындағы маңызды бағыттарды және «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұқбатын ел ішінде кеңінен насихаттауға бағытталған. Сонымен бірге, командалық айтыс жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, облыстар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға сеп болуда.

Сайысқа Қарағанды облысының әкімдігі мен «Amanat» партиясы қолдау көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы үйлестірді.

Тартысты өткен дода нәтижесінде Қарағанды облысының командасы жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ұлттық өнерімізге жаңа серпін берген бұл жоба – рухани жаңғыру аясында атқарылып жатқан игі істердің жарқын көрінісі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»