Ұлттық құндылықтарды цифрлық технология арқылы дәріптеу – білім беру жүйесінің басты міндеті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Балаларды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен педагогтың міндеті» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңартылып, барлық білім беру мекемесінде кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Құндылық – ұлт болмысын қалыптастыратын әлеуметтік ұғым. Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған өнегелі тәрбиесі бүгінгі ұрпаққа ұлттық білім мен тәрбие жүйесін жеткізеді. Ұрпаққа даналық, елжандылық, адалдық, ізеттілік, тектілік пен ибалылық сияқты қасиеттерді дәріптеу – әрбір педагогтың жауапты міндеті.
Қазіргі заманғы жаһандану білім беру мазмұнын цифрлық технологиялар арқылы жаңартуды талап етеді. Заманауи құралдар оқыту процесін интерактивті, қызықты әрі тиімді етеді. Интербелсенді платформалар, мультимедиялық ресурстар, электрондық оқулықтар, виртуалды музейлер мен ойындар арқылы балалар ұлттық мәдениетпен танысып, білімдерін тереңдетеді.
Білім беру саласында цифрлық технологияларды қолданудың бірнеше артықшылығы бар:
— оқу материалын қолжетімді әрі тез игеру;
— балалардың танымдық белсенділігін арттыру;
— ұлттық құндылықтарды заманауи форматта жеткізу;
— педагог үшін жеке жұмысты тиімді жоспарлау.
Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық құралдарды пайдалану – заманауи талап. Аудио, видео, компьютерлік ресурстар мен интерактивті тақталар балалардың танымдық дағдыларын дамытып, ұлттық тәрбиеге қызығушылығын арттырады.
Сондықтан ұлттық құндылықтарды цифрлық технологиямен сабақтастыру – уақыт талабы. Бұл тәсіл балалардың рухани байлығын арттырып, ұлттық мәдениет пен тарихты сақтауға мүмкіндік береді. Инновациялық әдістерді енгізу арқылы тәрбие мен оқыту үдерісі тиімді әрі заманауи форматқа көшіріледі.
Ұлттық болмыс пен руханиятты сақтай отырып, заманауи технологияларды тиімді қолдану – Қазақстандағы білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Ақгүл АЛИМОВА,
тәрбиеші,
Қарағанды қаласы «Бәйтерек» балабақшасы КМҚК
