Ұлттық мереке ұлықталды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен он үш жыл бойы ұмыт болған ұлық мереке қайта оралып, ұлттық мереке мәртебесі берілді. Халықтың рухын көтеріп, елдігіміз бен егемендігімізді нығайта түсетін маңызды мерекені Қарағанды жұрты да үлкен қуанышпен, зор табыспен қарсы алды. Бұл күні облыстың әр өңірінде әлеуметтік нысандар ашылып, үй кезегін күткен жүздеген отбасы баспаналы болды. Ал ел дамуына елеулі үлес қосқан еңбек майталмандары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды

Аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекпен болған әр кездесуде орталық салып беруді сұрап келген. Ақыры талап-тілектері орындалды. Қарағанды орталығындағы жаңа нысан 700 балаға арналған, 20 кабинет жұмыс істейді. Мұнда мамандар науқастарды жаңа әдіспен емдейді.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда аутизм дерті асқынып тұр. Соңғы 15 жылда елімізде бұл дертке шалдыққан балалардың саны 10 есе ұлғайыпты. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде аутистердің саны 70 миллионға жеткен. Бұл – дабыл қағатын жағдай. Жаңа орталықтан бүлдіршіндер дертіне дауа табады деп сенеміз, – дейді дәрігерлер.

Теміртаулықтарға тарту

Республика күніне орай Теміртауда жаңа емхана ашылды. Бұл – қаладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған екінші емдеу нысаны. Сонымен, қазір шаһар тұрғындарына 5 бірдей медицина мекемесі қызмет көрсетеді. Жаңа емханаға 20 мың адам тіркеле алады. Енді жақын күндері қалалық стационарды қайта жөндеп, көпсалалы ауруханаға айналдыру жоспарланып отыр. Мұнда инсульт орталығы, хирургия, травматология бөлімшелері болады.

Баспана бақыты

Мереке қарсаңында мәдениет саласының 40 қызметкері қуанышқа кенелді. Доскей ауылындағы бос тұрған үй жөнделіп, баспана кезегінде тұрғандарға берілді. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі Жанар Рахманова. Екі баласымен 15 жыл бойы пәтер жалдап келген. Енді өз шаңырағы бар. Шаттыққа кенелген жанұяға өңір басшысы теледидар сыйлады.

– Біз өткен жылы мәдениет майталмандарына Саран мен Ақтас кентінен 30 пәтер берген едік. Биыл 40-қа жеткіздік. Ал келесі жылы жүз отбасын қамтамасыз етсек деп мақсат қойып отырмыз. Осылайша жылдан-жылға пәтерлер санын ұлғайта береміз, – деп ағынан жарылды аймақ басшысы.

Енді жуық арада Доскей ауылындағы 100 пәтерлік тағы екі үй қалпына келтіріліп, мұқтаж жандарға үлестірілмек. Ал жыл соңына дейін өңірдегі 2 мың адам қоныс тойын тойлайды. Бұл күні Теміртауда да «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйден 90 отбасыға пәтер берілді.

Мемлекеттік марапат табысталды

Республика күніне арналған салтанатты жиын С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Бұл күні 34 адам жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Арасында дәрігер мен мұғалім, спортшы, өнер қайраткері, ауылшаруашылығы маманы, өндіріс жұмыскері, түрлі мекеме басшылары бар. Барлығы да – өз саласының үздігі. Оларға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мен Қазақстан Республикасының құрмет грамотасы берілді. Сонымен қатар үш бірдей жерлесіміз «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атанды. Олар: хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қани Мұсылманбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова және Қарағанды облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Анатолий Степаненко.

– Қарағанды облысының тұрғындары тәуелсіз елімізді дамытуға лайықты үлес қосып келеді. Біз оны мақтанышпен айтамыз. Ардагерлеріміз тәй-тәй басқан мемлекетімізді гүлдендіру жолында 30 жыл бойы орасан еңбек атқарды. Мемлекетті сүюдің, өз ісіне деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Оларға басымды иемін. Осы жолды лайықты жалғастыру үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Аймағымыз биылғы жылды да жақсы көрсеткіштермен аяқтайды деп сенеміз. Барлық салада өсім бар, өнім өндіру көлемі ұлғайды. Жоспарланған көрсеткіштер артығымен орындалып жатыр, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Салтанатты кеш соңы мерекелік концертке ұласты. Өнерпаздар рухты әндерді шырқады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»