Өлке тарихы – өнер тілінде

Қарағандыда жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өңірдің мәдени мұрасын жаңа форматта танытуға бағытталған жаңа алаң іске қосылды. Saryarqa Creative Hub орталығында облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайының бірлескен жобасы басталып, алғашқы көрме көрерменге жол тартты.

Қазіргі таңда шығармашылық пен жаңа технологияны ұштастыратын креативті индустриялар жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналып келеді. Қарағандыда осы бағытты дамытуға арналған жобалар қатарын толықтырған жаңа мәдени бастама қолға алынды.

Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, ортақ мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Әріптестіктің алғашқы нәтижесі ретінде Saryarqa Creative Hub креативті орталығында «09-90. Өлке тарихы картиналарда» атты көрме ашылды.

Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегеновтің айтуынша, креативті индустрия ұғымы көпшілік ойлағаннан әлдеқайда кең. Сондықтан жаңа алаңда шығармашылықтың түрлі бағыттарын көрсетуге мүмкіндік берілмек.

– Көпшілік креативті индустрияларды тек қолөнермен немесе қолданбалы шығармашылықпен байланыстырады. Алайда бұл – ауқымы кең сала. Оның құрамына бейнелеу өнері, дизайн, 3D-модельдеу және басқа да шығармашылық бағыттар енеді. Біз креативті индустриялардың бар мүмкіндігін көрсету үшін тақырыптық көрмелерді тұрақты ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл кеңістік барлық келушілерге ашық болады. Ал жаңа оқу жылы басталған соң мұнда мектеп оқушылары мен студенттердің ұйымдастырылған топтары келе алады, – деді Аслан Қабегенов.

Жаңа алаңның тағы бір ерекшелігі – мұнда шығармашылық жобалармен қатар, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасын жастарға жақын форматта таныстыруға басымдық беріледі. Алғашқы көрменің өзі осы мақсатты айқын көрсетіп отыр.

«09-90. Өлке тарихы картиналарда» экспозициясы Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған. Көрме арқылы өңірдің алғашқы кеншілер кенттерінен бастап, Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталықтарының біріне айналғанға дейінгі даму жолын көруге болады.

Экспозицияға кескіндеме және графика жанрындағы туындылар қойылған. Олардың қатарында өңірдің индустриялық келбетін, қалалардың қалыптасуын, тарихи жадын және табиғатын бейнелейтін шығармалар бар. Көрмеге Гилярий Гилевский, Павел Андриюк, Виктор Буш, Сергей Ежак және Виктор Крыловтың еңбектері енгізілген.

Облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева жаңа мәдени алаң мұражай қорындағы шығармаларды кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Біз үшін мұражай қорындағы шығармаларды таныстыратын жаңа мәдени алаңдардың ашылуы аса маңызды. Бұл көрмеде қорымыздағы жұмыстардың шағын бөлігі ғана ұсынылып отыр. Соған қарамастан, экспозиция келушілердің қызығушылығын арттырып, оларды мұражайға келуге ынталандырады деп сенеміз, – деді Бибігүл Құдабаева.

Мәдениет пен шығармашылықты жастар ортасына жақындату – жобаның негізгі бағыттарының бірі. Көрмені тек дайын экспозиция ретінде ұсыну емес, оны жаңа шығармашылық бастамаларға жол ашатын алаңға айналдыру көзделіп отыр.

Меморандум аясындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, бейнелеу өнерін насихаттауға, мәдени-ағартушылық шаралар өткізуге және креативті индустриялардың түрлі бағыттарын таныстыруға мүмкіндік бермек.

Жаңа оқу жылынан бастап Saryarqa Creative Hub алаңына мектеп оқушылары мен студенттердің ұйымдастырылған топтары да келе алады. Бұл жас буынға Қарағандының тарихын оқулықтағы дерек ретінде ғана емес, өнер туындылары арқылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Қарағандыдағы жаңа шығармашылық кеңістік осылайша бір мезетте екі міндетті – өңірдің мәдени мұрасын дәріптеу және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту міндетін ұштастырып отыр. Ал алғашқы көрменің тақырыбы бұл байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді: өткеннің тарихы өнер арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп, жаңа идеяларға бастау болмақ.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»