Лирикалық сағат басталды
Республика күні қарсаңында қарағандылықтар тың бастамаға куә болды. Қала әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағының аймақтық филиалының бастамасымен «Лирикалық сағат» жобасы қолға алынды. Жоба аясында Арқа ақындары өлеңдерінің аудиожазбасы қаладағы ірі сауда үйлерінде дыбысталмақ.
Лирикалық сағаттың тұсаукесері «Таир» сауда үйінде өтті. Оған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ильяшев, Жазушылар одағы филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы мен жас ақындар, журналистер және қала тұрғындары қатысты.
– Қарағанды қаласында жаңа жобаны қолға алдық. Басты мақсат – жергілікті ақындарды қолдау, олардың туындыларын насихаттау. Бұл жоба бір реттік емес. Келесі жылы да жалғасын табады. Алдағы уақытта да мәдени бағыттағы көптеген жобаны іске асырамыз. Бастамамызға қолдау көрсеткен сауда үйлері басшыларына алғыс айтамын, – деді Ләззат Ақылжанова.
Лирикалық сағат аясында сауда үйлерінде апта сайын жұма, сенбі және жексенбі күндері әр 1 сағат сайын қарағандылық ақындар өлеңдерінің аудионұсқасы көпке ұсынылмақ. Алғашқы тұсаукесерде бестікке Серік Сағынтай, Жанат Жаңқашұлы, Қайрат Асқар, Әділет Шопен, Ерік Нарын тәрізді ақындардың шығармашылығы таныстырылды. Олардың өлеңдері «Бірінші Қарағанды» телеарнасының студиясында жазылып өңделген.
– Республика күні қарсаңында Қарағандыда үлкен жобаны қолға алып жатырмыз. Ағылшын ақыны «поэзия – қанның сияға айналуы» деген пікір айтқан. Біздің бойымызда саулап аққан қара өлеңді қала тұрғындарына паш ету мақсатында осы жобаны бастадық. Мұны қазақтың қасиетті қара өлеңіне, ақындарға деген құрмет деп білеміз, – дейді ақын Жанат Жаңқашұлы.
Айта кету керек, «Лирика сағаты» жобасы «Таир» сауда үйінен бөлек «Абзал», «CITY MALL», «ЦУМ», «Ұмай», «Корзина», «NormaN», «Галерея», «Global City» сынды сауда үйлерінде де жұртшылық назарына ұсынылады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»