«Үлгілі отбасы»: тәрбие тал бесіктен басталады

Жаһандану дәуірінде мәдени және ақпараттық шекара ұғымы жойылды. Әлемнің кез келген қиырынан ақпарат алып, қалаған музыкаңды тыңдауға, көңілің ауған ақын-жазушылардың шығармасын оқуға мүмкіндік бар. Осының әсерінен түрлі субмәдениет ұғымдары пайда бола бастады. Әрине, әлем елдерімен мәдени интеграцияға түсудің артықшылығы көп. Әйтсе де таяқтың екі ұшы барын, мәдени алыс-берістің тым етене болып кетуінің де кемшілігі барын ұмытпау қажет. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылық пен тәрбиеден қол үзіп қалмау үшін не істеу керек? Жалғыз амал – отбасы құндылығын насихаттау және ұлттық мұраны ұрпақ бойына сіңіру.

Биыл Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен аймағымызда алғаш рет облыстық «Үлгілі отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Рас, кейінгі жылдары отбасылық байқаулар жиі өткізіліп жүр. Қоғамның кей өкілі осыған орай сыни пікірлерін де айтып жүр. Жөн шығар. Алайда ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын насихаттайтын шараның көптік етпейтінін де естен шығармау керек.

– Бұл байқауда қатысушыларға қойылған басты талап – ата мен әженің болуы. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын көрсеткіміз келді. Өйткені баланы әке-шешесі ғана емес, атасы мен әжесі де тәрбиелеуі керек. Байқау барысында қатысушылардың шығармашылықтары ғана емес, олардың интеллектуалдық деңгейлеріне де баса мән берілді. Өйткені біздің мақсат – үздік шығармашылық отбасын емес, үлгілі жанұяны анықтау, – дейді басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Отбасылар арасындағы байқау екі кезең бойынша өткен. Алғашқы кезек – іріктеу айналымы. Екінші айналым – финалдық кезең. Іріктеу турынан 11 отбасы финалға жолдама алған екен. Достық үйінде өткен байқаудың қорытынды кезеңінде әр отбасы өз әулеттерін таныстырып, отбасылық дәстүрлерін көрсетті. Сондай-ақ ұрпақ тәрбиесінде қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Байқауда аймағымызға белгілі азаматтар, мәдениет, әдебиет, журналистика саласында еңбек етіп жүрген азаматтар қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Берік Рақымовтың айтуынша, жеңімпазды анықтау оңай болмаған. Өйткені финалға өткен отбасылардың барлығы өздерін жоғары деңгейде көрсете білген.

Әрине, байқау болған соң жүзден жүйрік шығар жеңімпаздың да болуы заңды. Қазылар алқасының шешімі бойынша, «Үлгілі отбасы» байқауының жеңімпазы – Қарағанды қаласында тұратын Жүнісовтер отбасы. Ал ІІ орын қарағандылық Дәулетхановтар мен теміртаулық Тоқтамұратовтар әулетіне берілді. Сондай-ақ қарағандылық Кешубаевтар мен Нұрахметовтер және Шет ауданынан келген Арыстанбековтер отбасы ІІІ орын иегері атанды.

Байқау жеңімпаздарына диплом және қаржылай сыйақы табысталды.