Әлеуметтік желіге тәуелділік

Әлеуметтік желілердің өмірімізге терең енуі бір жағынан пайдалы болғанымен, екінші жағынан, оның кері әсері алаңдаушылық тудырады. Қазақстандық жастар арасында желіге тәуелділік күннен күнге артып келеді. Бұл мәселе ата-аналар мен мамандарды алаңдатуда.

Мектепте, саябақта, демалыс орындарында жүрген жастар өмірден гөрі экранға көбірек мән береді. Қазақстанда интернет қолданушылардың саны 81,9 пайызға жеткен. Ал жастардың жартысынан көбі әлеуметтік желіде күнделікті уақыт өткізеді. Әлеуметтік желіге тәуелділік қоғамға қандай әсерін тигізіп отыр? Бұл туралы психолог-дәрігер Асқар Мадияров пікір білдірді.

– Әлеуметтік желіге тәуелділік адамның күнделікті өміріне, психологиялық жағдайына үлкен зиян келтіреді. Ұзақ уақыт экран алдында болу стресске, ұйқының бұзылуына, тіпті депрессияға әкелуі мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында бұл мәселе жиі байқалады, – дейді Асқар Мадияров.

Статистикаға сүйенсек, қазақстандық жастардың 49,2 пайызы әлеуметтік желіні күнделікті қолданады. Ал 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш тіпті жоғары. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай қоғамдық-психологиялық дамуға кері әсер етуі мүмкін.

– Күнделікті әлеуметтік желіде отыру – менің әдетіме айналған. Қазір бұл өмір салтыма еніп кеткен сияқты, – дейді қала тұрғыны Айжібек Азаматқызы.

– Әлеуметтік желіден бас тарту қиын. Бірақ кейде уақытымды босқа өткізгенімді түсінемін, – деп атап өтті студент Еркеназ Ханатбай.

Әлеуметтік желі – байланыс құралы ғана. Ал шынайы өмірдің маңызын ұмытпауымыз керек. Әрқайсымыз өз өмірімізді тиімді басқаруға жауаптымыз. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіні қолданудың өз ережелері болуы керек. Уақытты тиімді өткізіп, шынайы өмірдің құндылықтарын естен шығармаған жөн.

– Бұл тәуелділіктен арылу үшін ең алдымен уақытты дұрыс басқаруды үйрену керек. Спортпен айналысып, табиғатта жиі болыңыз. Жақындарыңызбен көбірек жүзбе-жүз сөйлесіңіз. Әлеуметтік желі – тек құрал, оны дұрыс қолдануымыз қажет, – деп қорытындылады психолог-дәрігер Асқар Мадияров.

Қазіргі цифрлы дәуірде бастысы – тепе-теңдікті сақтау. Уақытты тиімді өткізіп, жақындарыңызбен көбірек қарым-қатынас жасауды ұмытпаңыздар.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»