Әлеуметтік төлемдер тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілі өзгеріп жатыр. Енді 39 түрлі төлемнің 14-і азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындалатын болады.
Бұл өзгеріс Отбасының цифрлық картасы бойынша А және В санатына жататын, яғни әл-ауқаты жоғары немесе жеткілікті отбасыларға қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа тәсіл балаларға және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен өзге де азаматтарға төленетін жәрдемақыларды қамтиды.
Сондай-ақ тізімге мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты төлемдер, жерлеуге берілетін жәрдемақы, жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және мемлекеттік атақтарға ие азаматтарға берілетін жекелеген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар енгізілген.
Бұл ретте төлемдер автоматты түрде тоқтатылмайды. Әрбір әлеуметтік төлем жеке тәртіппен қаралып, оны алушының нақты жағдайы ескеріледі.
Жаңа тәсілде Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады. Жүйе отбасының табысын, жұмыспен қамтылуын, тұрғын үй жағдайын, мүлкін, отбасы құрамын, денсаулығын және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ескереді.
Осылайша, әлеуметтік қолдау шараларын азаматтардың нақты жағдайына қарай саралау көзделіп отыр. Негізгі мақсат – мемлекеттік көмекті қажет ететін азаматтарды анықтап, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тетігін жетілдіру.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

