Әлеуметтік қолдау
Қарағандыда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы мен «Respublica» партиясының облыстық филиалы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қайта оқыту, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау және жұмыспен қамту бағытында бірқатар бастамалар жүзеге асырылмақ. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Әлеуметтік қолдау – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жасалған меморандум аясында аналарға, әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кешенді қолдау көрсету жоспарланған. Жоба шеңберінде аналарға арналған оқыту бағдарламалары, шеберлік сабақтары мен кәсіби бағыттағы жеке кеңестер ұйымдастырылады. Бұл бастама әйелдердің еңбек нарығына бейімделуіне, өз кәсібін ашуына немесе отбасылық жағдайын жақсартуға нақты мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы аналардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ілкімді жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаралар аналардың әлеуетін арттырып қана қоймай, бүкіл отбасының әл-ауқатын көтеруге сеп болмақ.
– Біз «Respublica» партиясының әйелдер қанаты ретінде осы орталыққа келіп, аналармен кездестік. Басты мақсатымыз – оларға тұрақты түрде білім беріп, қолдау көрсету. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін бүгін меморандумға қол қойып, бірлесе жұмыс істеуге келісім жасадық, – деді Қарағанды облысы бойынша «Respublica» партиясы филиалы әйелдер қанатының төрайымы Жібек Камали.
Кездесуде әйелдерге арналған білім беру курстары мен психологиялық, құқықтық қолдау бағыттары қалай өтетіні талқыланды. Орталық қызметкерлері тұрғындарды ашық есік күніне келуге шақырды.
— Бізге кез келген уақытта келе аласыздар. Қиын жағдайға түссеңіздер, көмектесуге дайынбыз. Біздің мекенжайымыз: Чкалов көшесі, 7-ғимарат, 1-қабатта орналасқан операциялық залымыз бар,- дейді «Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Берік Есенов.
Мемарандум азаматтық сектор мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікке бағытталған. Алдағы уақытта тараптар іс-шараларды үйлестіру және бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін тоқсанына кемінде бір рет жұмыс кездесулерін өткізуге уағдаласты.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»