Әлеуметтік қолдауға – миллиард теңге

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатты мүмкіндігі шектеулі жандарды шипажай-курорттық емдеуге, техникалық көмекші құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын сатып алуға жұмсау көзделген.

Айта кету керек, қазіргі таңда облысымызда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету басым бағыттардың бірі болып саналады. Қаржыландыру көлемі де жыл сайын айтарлықтай ұлғайып келеді. Бұл – аймақтағы инватакси қызметтерінің санын арттыруға және олардың тек облыс орталығында ғана емес, өзге аудандар мен шағын қалаларда да ашылуына ықпал етуде. Сондай-ақ жолаушы тасымалдаудың бұл түрін алушылардың да тізімі жаңартылып, кеңейтілді. Оған аутистік спектрде аурулары бар балалар кірді. Олар сондай-ақ басқа да көмек түрлерін алады.

Қарқаралы қаласында орналасқан оңалту орталығында мүгедектігі бар адамдарды арнайы әлеуметтік қызметтермен жан-жақты қамту үшін қуаты 64-тен 84 төсек-орынға дейін ұлғайтылды.

Биыл Балқашта психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарланған. Қарағандыда сондай-ақ 201 төсек-орынға есептелген балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда балалар арнайы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген көлемін алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі