«ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН»: МЕКТЕПТЕ ТЕГІН ЖӘНЕ ЖЕҢІЛДІКПЕН ТАМАҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтандыру жүйесі — «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды. Ол eGov Mobile қосымшасында жұмыс істейді. Жобаны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірлеген.

Жоба ата-аналарға бұл қызметті проактивті түрде қолдануға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазір тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істеп тұр. Жоба ауқымын кеңейту үшін тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелерімен мектептерді қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен үйлестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірегей пилоттық жоба бірнеше өңірде сынақтан сәтті өтті. Сондай-ақ мектептердің дайындығына қарай біртіндеп енгізіледі. Ал «Әлеуметтік әмиянды» әзірлеушілер аталған пилоттық жобаның сәтті тәжірибесін таратуға ниетті.

-«Әлеуметтік әмиян» азаматтардың eGov Mobile қосымшасында мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдау құралдары мен шараларын жинақтау арқылы азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеңілдету үшін жасалған. Аталған жоба арқылы мемлекеттік көмек алу және оның жүргізілу тарихын қадағалау ыңғайлы. Ваучерлер жекелендірілген түрде жазылады. Бұл кез келген заңсыз тіркеулердің мүмкіндігін шектейді. Жыл соңына дейін аталған өнім еліміздің барлық азаматтарына ыстық тамақ пен дәрі-дәрмек бойынша қолжетімді болады деп жоспарланып отыр, — деді BTS Digital ЖШС бас директоры Нұртай Әбілғалиев.

Бұдан бөлек, «Әлеуметтік әмиян» шеңберінде ақшалай қаражатты монетизациялау, мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық оңалту құралдарын сатып алу, халықтың әлеуметтік осал топтарына ӘМАТ тізбесінен азық-түлік сатып алуда атаулы көмек көрсету, әлеуметтік осал санаттағы тұтынушылар үшін тауарлы газға ваучерлер мен ЖЖМ бағасының өсуін өтеу үшін ваучерлер ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске қосу қосымша пысықталуда.

Жоба қазақстандықтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Пилоттық режимде 2023 жылдың соңынан бері елімізде азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтандыру сияқты қызметтер іске асырылуда.

ЖАНБОТА БЕЙСЕМБАЙ, «QH»