Әлемдік жарыстарда жастардың жұлдызы жарқырады

Alem Tech Fest 2026 ауқымды технологиялық фестиваліне жеті елден 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Форум барысында жас дарындар әртүрлі жас санаттары бойынша бақ сынап, роботтарды бағдарламалап әрі құрастырып, өз жобаларын әзірлеп, инженерлік тапсырмаларды орындады. Қарағандылық оқушылар осы фестивальде ерекше нәтижелерге қол жеткізіп, чемпиондық атақтарға, халықаралық жолдамаларға және білім беру гранттарына ие болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасы робототехника бойынша Қазақстан құрамасын жасақтады. Оның құрамына елдің үздік 16 командасы енді. Солардың ішінде Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебінің жоғары сынып оқушыларынан құралған JELTOQSUN командасы бар. Жасөспірімдер First Tech Challenge санатында өнер көрсетіп, абсолютті чемпион атанды және АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңде Қазақстан атынан қатысу құқығын жеңіп алды.

JELTOQSUN командасы үшін бұл алғашқы жеңіс емес. Команда алдыңғы екі жылда да Хьюстонда өнер көрсетіп, екі рет қола жүлдеге ие болған.

– Әрине, бұл жеңістер бүкіл мектеп үшін де, оқушылардың өздері үшін де аса маңызды және үлкен артықшылық. Біз дамуымызды, ізденуімізді тоқтатпай, алға қарай қадам баса береміз, – дейді «Мұрагер» мектебі директорының орынбасары Ардақ Сыздық.

Сонымен қатар, «Мұрагер» мектебінің Astrix және «571 командасы да фестивальде бақ сынады. Олардың құрамында 7-9 сынып оқушылары бар. Бұл командалар рободизайн санатында өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қытайда өтетін чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар мектептің екі оқушысы жоғары оқу орындарында білім алуға гранттарға ие болды.

Қарағанды облысының намысын қорғаған «Дарын» мектебінің тәрбиеленушілері де жоғары нәтиже көрсетті. Asian Sharks командасы стартаптар байқауында үшінші орын алып, 25 мың АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алды. Ал Ancient T-REX командасы финалға шығып, биылғы жылдың тамыз айында Бейжіңде өтетін FIRST LEGO League байқауына іріктеуден өтті. Сонымен қатар мектептің бір оқушысы бірден Алматы қаласындағы екі жоғары оқу орнынан білім беру гранттарын иеленді.

Қарағанды қаласындағы «Білім-Инновация» №1 мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де жоғары нәтиже көрсетті. FLL Challenge санатында олар Strategy Genius Award марапатын жеңіп алды.

Фестиваль қорытындысы көрсеткендей, Қарағандының жас технолары халықаралық аренада да өздерінің шеберлігін танытып, еліміздің намысын лайықты қорғап отыр. Бұл жетістіктер оқушылардың болашақта ғылым мен техниканың дамуына қосар үлесін айқын дәлелдейді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»