Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі Нұр-Сұлтанда 2025 жылы өтеді

Елордада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері – Съезд Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының ХХ отырысы өтті. Іс-шараға әлемдік және дәстүрлі діндердің 30-ға жуық өкілі қатысты.


Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев VII Съезді ұйымдастыру жолында бірлесіп атқарған ауқымды жұмыс үшін барша қатысушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ Хатшылық Басшысы форум әлемдік қоғамдастық үшін аса жауапты кезеңде өткізіліп отырғанын, сондықтан оны тарихи оқиға ретінде атауға толық негіз бар екенін айтты.
«Биылғы Съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады десек, артық бола қоймас. Ең алдымен, бұл коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі. Індет кезінде бізге диалог пен тікелей қарым-қатынас жетіспегені сөзсіз. Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ, әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Съезд Хатшылығының Басшысы қазіргідей шиеленістер жағдайында қатардағы азаматтармен бірге саяси лидерлерге де рухани қолдау, дұрыс құндылықтардың парадигмасы және жаңаша бағдар аса қажет екенін атап өтті.
«Мұндай қажеттілікті рухани көшбасшылар мен діни қайраткерлер өтей алады. Олар әлемдік қоғамдастықты келісімге шақырып, ортақ мүддеге жұмылдырады. Сондай-ақ бейбітшілік пен адамзаттың игілігі жолында өзара диалогты қамтамасыз етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырысқа жетекші әлемдік діндердің, халықаралық ұйымдардың және еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олар Қазақстанның ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту жолында жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығына тоқталды.
Отырыс барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің күн тәртібін, сондай-ақ, VII Съездің қорытынды декларациясының жобасын талқылады.
Сонымен қатар іс-шара қорытындысы бойынша Съезд Хатшылығының келесі XXI отырысын 2023 жылдың күзінде Қазақстан астанасында өткізу туралы шешім қабылданды. Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Съезі 2025 жылы Нұр-Сұлтанда өтетін болып шешілді.