Әлем балалардың көзімен
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Әлем балалар көзімен» атты көрме өтуде. Бұл – Қарағанды қаласының Білім бөліміне қарасты №1 балалар өнер мектебінің Бейнелеу өнері бөлімі оқушыларының шығармашылық жұмыстарының жыл сайын өтетін есептік көрмесі.
Экспозицияға 6-17 жас аралығындағы оқушылардың 300-ден астам композициясы енген. Олардың арасында пленэрлық этюд, сызба, кескіндеме туындылары, мүсіндеме, сәндік-қолданбалы өнер және т.б. бар.
– Жыл сайын осы музейде оқушыларымыздың қорытынды есеп беру көрмесі өтеді. Мұнда 300-ден астам жұмыс қойылған. Негізгі тақырыпты «Әлем балалар көзімен» деп алдық, яғни балалар өздерінің жан дүниесін еркін тақырыпта шығару арқылы көрсетіп жатыр. Жұмыстар арасында мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, түрлі техникада салынған суреттер бар. Бір қабырғаны балалардың дипломдық жұмысына арнадық. Біздің өнер мектебіне балалар бес жастан қабылданып, он алты жасқа дейін білім алады. Арнайы төрт жылдық курстарын бітірген соң диплом алады, – дейді №1 балалар өнер мектебінің Бейнелеу өнері бөлімінің қызметкері Гүлнұр Қуатқызы.
Музей басшысы Бибігүл Құдабаева жас суретшілерді көрмелерінің ашылуымен құттықтап, биылғы жұмыстардың ерекше екенін атап өтті.
– Сіздерді бүгінгі көрмелеріңіздің ашылуымен құттықтаймын! Әрқайсысыңыз Облыстық бейнелеу өнері музейінде көрмеге қатыстық деп мақтанышпен айта аласыздар. Болашақта біздің музейде сіздердің танымал суретші ретінде арнайы жеке көрмелеріңіздің өтуіне тілектеспін. Шығармашылықтарыңыз үшін рақмет. Бұл жолы біз көптеген жаңа техникаларды, көптеген қызықты жұмыстарды, осындай салмақты форматтарды көрдік. Әрине, мұражай қызметкерлері ретінде бұл бізді қатты қуантады, – деді музей директоры Бибігүл Құдабаева.
Он бес жастағы Фатима №1 балалар өнер мектебінің Бейнелеу өнері бөліміне 7-сыныпта келген екен, қазір ол 4-курсты тәмамдап жатыр. Бұрын көбіне сурет салса, бұл жолы өзін басқа бағытта сынап көрейін деп сәндік-қолданбалы өнер бағытын таңдап, көрмеге арнап үйтұмар жасаған екен.
– Менің жұмысым «Үйтұмар» деп аталады, мұны жасауда желім, былғары, картон, бөтелке, маржан тастар мен бояуларды қолдандым. Мұндай жұмысты бірінші рет жасадым, өзіме қатты ұнады. Мұның алдында былғарыдан кілтке арналған салпыншақ (брелок) жасап көрген едім. Осылайша былғарымен жұмысты игеріп алдым. Сондай-ақ көрмеге бұл жұмысымнан басқа бір суретім де қойылған. Ол – қарындашпен салынған түсті графика, бауырымның портреті. Бауырымның бала бейнесін сақтап қалғым келіп оның суретін салдым. Екі жұмысыма шамамен бір тоқсандай уақыт жұмсадым, – деп бөлісті Фатима Нұрғалиқызы.
Көрмедегі ерекше жұмыстардың бірі Сабина Көмектің жұмысы болды. Оның жұмысы қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы баяндайды. Ол өз жұмысы жайлы былай деп баяндап берді:
– Бұл жұмысым тарихқа арналған, балбал тастар бар, мұнда негізінен домбыраның тарихы бейнеленген. Мен бұл туындымды домбыра жайлы аңыз негізінде жасадым. Жұмысқа екі аптадай уақыт кетті. Желім, картон, ағаш, тастар, былғары мен акрил бояуын қолдандым. Бұл техника картоннан жасалған мүсін (картонная скульптура) деп аталады. Осы техникада алғаш рет жасадым, бірақ қиын болған жоқ. Бұл көрмеге мұнан басқа төрт-бес суретім де қойылды. Тақырыптары әр түрлі, көбінесе тарихқа немесе табиғатқа арналған. Олар – майлы бояумен, графикалық көмірмен және гуашьпен салынған картиналар.
№1 балалар өнер мектебі оқушыларының есептік көрмесі 9 сәуірге дейін жалғасады.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»