Ұлағаты – ұрпаққа үлгі

Республика күні қарсаңында қаламызда тағы бір айтулы жаңалық орын алды. Жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен Майқұдықтағы тұрғын үйлердің бірінде «Алаш» арысы Әлихан Бөкейханның муралы пайда болды. Бастамашыл топ осы арқылы ұлт көсемінің ұлағатты өмірін ұрпаққа үлгі етуді, оның есімін кең көлемде насихаттауды көздейді.

Қазіргі күнде қабырғаға сурет салу заманауи тенденцияға айналды. Ол қала көркін ажарландырып қана қоймай, тұрғындар мен жас буынның бойында ұлтжандылық, қазақилық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Бөкейхан суреті Майқұдыққа кіреберістегі негізгі магистральда орналасқан. Суреттің авторы – Қалалық ғылым орталығының аға сәулетшісі Алексей Волошкин. Автордың айтуынша, бұл шығармашылық жұмыс тұрғындар үшін Қазақстанның даму идеясын бейнелейтін өзіндік нышан болуы тиіс.

– Композицияны жасау кезінде Алексей портреттік бейнені ғана емес, символизмді де қосқысы келді. Әлихан Бөкейханның кеудесінде елге сіңірген еңбегін мойындау ретінде шаңырақ түріндегі төсбелгі орналасқан. Облыс, қала және аудан әкімдігінің бастамасын қолдағаныңыз үшін рақмет. Қарағанды облысының ТЖД-сына көмек көрсеткені үшін алғыс айтамыз. «AirG» командасының суретшілеріне де іске асырғаны үшін алғыс білдіреміз, – дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, бұл – Майқұдықтағы күз мезгілінде аяқталған екінші мурал. Алғашқы сурет (сәукелелі қыз) 19-шағынаудандағы №49 үйдің қабырғасын әрлеп тұр.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»