Коммуналдық қызмет саласының үздіктері

Қарағандыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Қала тіршілігінің тынысын қамтамасыз ететін сала мамандарына алғыс білдіріп, құттықтау сөзін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жолдады. Ол сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, олардың аймақ дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.

Мереке күндері елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген, алайда көп жағдайда көпшіліктің назарынан тыс қалатын мамандар лайықты құрметке ие болды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлері қала өмірінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін нағыз «тыныш батырлар». Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы салада еңбек етіп жүрген жандарға алғысын білдіріп, «Қарағанды Су» ЖШС ұжымына арнап арнайы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бұл саланың халықтың тұрақты әрі жайлы өмір сүруінің негізгі кепілі екенін атап өтті. Бүгінде аталмыш кәсіпорында шамамен 1 700 адам қызмет атқарады. Олар күн сайын қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтып, кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қадағалап, экология мен санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды жұмыс.

– «Қарағанды Су» қызметкерлері ең алдымен сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің осы бүгінгі аттарыңыздан осы құттықтау бүкіл облысымызда осы салада қызмет жасап жатқан азаматтарды да шын жүректен құттықтағым келеді, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі кәсіпорынның жетістіктерін атап өтіп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өткен жылы 66 шақырым желі жөнделіп, жаңартылған. Биыл 55 шақырымнан астамы жаңаланады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 17 арнайы техника сатып алынған. Кәсіби мереке аясында сала үздіктері марапатталды. Гүлмира Жұмағалиева – «Қарағанды Су» компаниясының аэрация станциясындағы сынақ зертханасының басшысы. Ол еңбек жолын қатардағы лаборант ретінде бастаған. Бүгінде көпжылдық еңбегі үшін марапатқа ие болды.

– Мұндай мереке өткен жылдан бастап ресми түрде атап өтіліп жатқанына өте қуаныштымын. Өйткені, қаланың жайлылығы мен жалпы игілігі – бұл ананың үйде білдірмей тазалық жасағаны секілді. Егер анамыз жинамаса, бірден байқалар еді, сол сияқты коммуналдық қызмет те бір сәтке тоқтаса, бәрі көзге көрініп қалады. Бұл салада атқарылатын жұмыс орасан зор. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, – дейді «Қарағанды Су» аэрация станциясының зертхана басшысы Гүлмира Жұмағалиева.

Коммуналдық қызмет тарифтері 4,5%-ға төмендеген. Жуырда  Еуропалық қайта құру және даму банкімен қаланың кәріз тазарту жүйесін жаңғыртуға бағытталған ірі келісімге қол қойылмақ.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»