КОМИКС ОҚУ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ


Қарағандыда Қазақстан тарихы комикс әдісімен алғаш рет қазақ тілінде оқытылады. Бұл тәсілді Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әсем Тарыбаева ойлап тапқан. Методикалық оқу құралы 5-6 сыныптарға арналған.
Педагог комикс әдісін осыдан бір жыл бұрын қолға алған. Бұл алғаш қазақ тілінде эксперимент ретінде қолданылуда. Қазір Қазақ хандығының тарихы оқытылып жатыр. Жинақтың ішінде Қазақ хандығының негізін салушы хандар және олардың асыл сөздері қысқа да нұсқа жазылған. Тарих пәнінің ұстазы Әсем Тарыбаеваның айтуынша, заманауи балалар суретпен бейнеленген мәліметтерді тез қабылдайды, әрі есте ұзақ сақтайды.
– Комикс, негізі, Америкадан келген. Ал «аниме» мен «манга» стилі Жапонияда жақсы дамыған. Сюжеті қызық мангаларды балалар ғана емес, ересектер де таласа оқиды. Бірнеше бөлімнен тұратын хикаялар да бар. Балалар қазіргі таңда, өздеріңіз білесіздер, интернетті көп қолданады, көреді. Қазір оларды жай ғана мәліметпен қызықтыру өте қиын. Көлемді кітап оқуды қиынсынады. Ал, ғалымдардың айтуынша, олар барлық ақпаратты жадында көру арқылы сақтайды екен. Сондықтан осы ой басыма келгенде, оны бірден қолданып көргім келді, – дейді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаева.
Қазір Әсем Қайратқызы Алаш зиялыларына арналған комикс құралын бастап кетті. Методикалық жинақтың дизайны, әрбір мұқабасындағы тарихи тұлғалардың суреттері мен қысқа диалогтері оқушылармен бірге жасалуда. Айта кету керек, бұл – Қарағанды облысындағы эксклюзивті жоба. Әлі бірде-бір мектеп бұл әдісті қазақ тілінде пайдаланған жоқ.
– Қазақстан тарихы 5-сыныптан бастап оқытылады. Сол себепті тарихқа деген қызығушылықты төменгі сыныптардан бастап арттырайық деп ойладық. Балаларға барынша жеңіл тілде әрі қызықты етіп жасауға тырыстық. Комикс ішінде сурет көп, диалог өте қысқа. Тарихты қазақ тілінде ұғындыру ең негізгі мақсатымыз болды. Қазір Алаш зиялылары, оның ішінде орталық өңірден шыққан Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков сынды тұлғаларымызды енгіздік, – дейді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаева.
Қазір 11-сынып оқушылары Алаш қайраткерлерін зерттеуде. Комикс жасау үшін кітапханаларда, түрлі баспада көп ізденген екен.
– Жалпы, жобаны қыркүйек айынан бастаған болатынбыз. Интернет заманы болғандықтан ақпарат табу жағынан аса қиындық туған жоқ. Оның үстіне, Алаш зиялылары жөніндегі мәлімет бізге өте қызықты болды. Бұл жоба тек бізге ғана емес, кейінгілерге де өте пайдалы болады деп ойлаймыз. Болашақта бұл әдістің жалпы білім бағдарламасына енгізілгенін қалаймыз. Балалар үшін тарихты оқу қызық болар еді, – дейді 11-сынып оқушысы Еркежан Асылхан.
Әсем Тарыбаеваның жалпы еңбек тәжірибесі 10 жыл. Педагогика ғылымдарының магистрі. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Мектеп директорының айтуынша, білікті маман жұмысқа орналасқалы, балалардың тарих пәніне деген қызығушылығы артқан.
– Әсем Тарыбаева – өте білікті маман. Осы мектепке келгелі, оқушыларымыз тарих пәнінен республикалық, облыстық олимпиададан 1-2 орын алып жүр. Оқушылардың қызығушылығы артуда. Бұл біздің Әсем апайымыздың білімін, шығармашылық талабын дәлелдейді. Осындай мамандардың арқасында балалардың білім алуға деген құлшынысы артады, – дейді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Сейфілмәлік Сұлтанов.
Енді алдағы уақытта Әсем Тарыбаева комикс, аниме тәсілдерін бірте-бірте тарих пәніне тұтасымен енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы жоба аясында Алаш зиялыларына арналған тарихи комикс жанрында деректі фильм түсіруді мақсат етуде.