Колледж түлектерінің көрмесі

«Алтын ғасыр» арт-галереясында «Кері перспектива» көрмесі ашылды. Көрермендер колледж түлектерінің көркем еңбек бөлімінің жұмыстарымен таныса алады. Сондай-ақ, көрмеде қазіргі студенттердің де туындылары қойылды.

Өз шәкірттеріне кеңес беріп жүрген – «Алтын ғасыр» арт-галереясының жетекшісі әрі арнайы пәндер оқытушысы Бибігүл Исполова. Натурадан және қиялына ерік беріп сурет салу, қиялды еркін қолдану мен шығармашылық көзқарас – болашақ қылқалам шеберлеріне тән қасиеттер, дейді Бибігүл әріптестерімен бірге. Өйткені, жастар өнерге шын жүректен берілген.

– Мен осы жерде өзімді еркін сезінемін. Мұғалімдердің тәжірибесі, берер білімі, жалпы оқу маған өте қатты ұнайды. Сондай-ақ қатарластарым да өте жақсы, ойымыз бір, мақсатымыз ортақ деуге болады, – дейді студент Алуа Искакова.

Сурет, кескіндеме, композиция, қыш өнері, қолданбалы сәндік өнер, өнер тарихы, графикалық дизайн – мұның барлығын қарағандылық студенттер меңгеруде. Кеншілер астанасының шығармашыл жастары жаңа техникаларды жылдам үйреніп, өздерін түрлі бағыттағы маман ретінде сынап көруде, дейді оқытушылар.

– Сурет салу кезінде назар аударатын ең маңызды нәрсе – бұл канондық білімдер мен жеке ерекшеліктердің үйлесімі. Әр өнер туындысы белгілі бір ережелер мен композициялық заңдылықтарға негізделгенімен, әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы, көру қабілеті және сезіну ерекшелігі бар. Сондықтан академиялық негіздерді меңгеру маңызды болса да, шығармашылықта өзіндік стиль мен даралықты дамыту одан да маңызды, – деп түсіндірді Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Бибігүл Исполова.

Көркем еңбек бөлімінде ерекше дәстүр бар: қорытынды композиция жасау. Студенттер оқу жылдарында алған білімдерін өз картиналарын салуға жұмсайды. Қарағандыда жыл сайын жүздеген талантты суретші түлеп шығады, олардың көптеген еңбегі «Алтын ғасыр» арт-галереясындағы көрмелерге қойылады.

– Жұмыстар кез келген стильде орындалуы мүмкін, бастысы – олардың идеялық мазмұны болуы қажет. Колледж студенттерді күнделікті өмірден әдемі сәттерді таба білуге де үйретеді, – дейді «Алтын ғасыр» арт-галереясының жетекшісі Татьяна Абилова.

Бұл – кез келген шығармашылық білімнің маңызды бөлігі, яғни сұлулықты барлық жерде таба білу және оны әлеммен бөлісу.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                 

«QH»