«KitapTime – 2022» өтті

Қарағанды қаласында өткен фестивальда жақын және алыс шетелде тұратын қазақтарға арнап «Әр қазаққа – бір кітап» акциясы бастау алды. Акцияны қолдаған қарағандылық оқырмандар үйлеріндегі кітаптарын әкеліп тапсырды. Фестивальды Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Фестивальда Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Абай атындағы балалар кітапханасы, сондай-ақ зағип және нашар көретін жандарға арналған арнайы кітапханалар көрме ұсынды.

Оқырмандарға арнап «Алты түйісу нүктесі» кітабының тұсаукесері, «QaraqandyParty» поэтикалық алаңы, «Мені өзіңмен ала кет – Возьми меня с собой» кітап шопингі сынды кітап көрмелері, авторлық кездесулер, моноқойылымдар, интеллектуалды ойындар, шеберлік сабақтары өтті.

– Әдебиет пен өнер, мәдени-рухани құндылықтар – халықты біріктіретін ұлы күш. Біз кітап арқылы кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды, түбіміз кім екенін бағамдаймыз. Мақсат – жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, – дейді Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Жұмкенов.

Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған республикалық «KitapTime – 2022» фестивалі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен тұңғыш рет өтті.