Кітаппен түлеген шопан
Қарқаралы ауданына қарасты Тәттімбет ауылында ғұмырын қой бағумен өткізсе де, рухани әлемін кітаппен байытқан ерекше жан тұрады. Мінәжат Исабеков жас кезінен бастап еңбек пен білімді қатар алып жүріп, өмір бойы оқуды басты құндылық санаған. Бүгінде 75 жасқа келген ақсақалдың оқыған кітаптарының саны 20 мыңға жуықтайды. Мал шаруашылығымен айналыса жүріп, ол әрдайым қолына кітап алып, ой-өрісін кеңейтуді әдетке айналдырған. Қазір де қария кітап оқудан қол үзбей, білімге деген махаббатын сақтап келеді. Мінәжат Исабековтің өмір жолы – еңбекті де, білімді де қатар қадірлеудің жарқын үлгісі.
Кітапхана қорында 18 920 кітап бар. Мінәжат Исабеков сол жинақтағы еңбектердің барлығын дерлік оқып шыққан. Қорға жаңа кітап келіп түсе қалса, оны бірден қолға алып, оқуға кіріседі. Ол әсіресе тарихи тақырыптағы шығармалар мен шытырман оқиғалы туындыларды ерекше қызығушылықпен оқиды.
– Ауыл тұрғыны, ағамыз кітапқа ерекше қызығушылық танытады, әсіресе тарихи және шытырман оқиғалы туындыларға құмар. Ол кісі кітапхана қорындағы еңбектерді жүйелі түрде оқып шығып, жаңа кітап түскен сайын бірден оқуға асығады, бұл оның білімге деген құштарлығы мен ізденімпаздығын көрсетеді. Сонымен қатар басқа оқырмандарға да үлгі болып, кітап оқудың қызығы мен мәнін көрсетеді, ал біз үшін мұндай оқырмандар кітапхананың миссиясының сәттілігін дәлелдейтін басты себептердің бірі, – дейді кітапханашы Зүлфия Рахимова.
75 жастағы қария бір кітапты шамамен екі күнде оқып бітіреді. Кейде ол кейбір шығарманы қайтадан қолға алып, мұқият оқып шығады, олардан жаңа нәрсе табуға тырысады.
– Кітап оқуды өте жақсы көремін. Әңгіме айтқанша кітапқа кіріскен жөн деп есептеймін, өйткені әр кітап өзіңе жаңа дүниелерді, ой мен түсінікті береді. Ең сүйікті шығармам – «Абай жолы», сондай-ақ классикалық және заманауи үздік авторлардың еңбектерін оқуды ұнатамын. Мен үшін кітап тек ақпарат көзі емес, сонымен бірге дос, ұстаз, тіпті өмірге көзқарасты қалыптастыратын құрал. Кітаптың иесін де сыйлаймын, әрбір кітап өз иесінің қолында ерекше мәнге ие, оны бағалап, құрметтеу қажет деп ойлаймын, – деп ойымен бөлісті Мінәжат Исабеков.
Ол 11 жасында ертегілерді оқи бастаған. Сол кезден кейін алғашқы көлемді шығармамен танысты – Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы». Ол бұл туындының кез келген үзіндісін жатқа айта алады.
– Бала кезімде кітапқа қатты құмар болдым. «Қараш-Қараш оқиғасының» бірінші абзацын әлі күнге дейін айтып бере аламын. Мектепте бәріміз кітап оқитынбыз, ал мен әсіресе есте сақтап, жаттап алу арқылы оқитынмын. Көбіне тіпті жүріп бара жатқанымда, ат үстінде отырып та кітапты қолымнан тастамай оқи беретінмін. Кітап оқуға деген қызығушылығым осылай ерте бастан қалыптасты, және ол мен үшін өмірдің маңызды бөлігіне айналды, – дейді қарт оқырман.
Мінәжат Исабеков 50 жыл бойы шопандық қызметпен айналысып келеді. Далада қой баға жүріп, табиғаттың әсем көріністері арасында көптеген авторлардың шығармаларын оқып шыққан. Ол әр кітаптың ойға жетелейтін, өмір жолын бағыттайтын мәні бар деп есептейді.
– Мінәжаттың жары ретінде айтарым, ол шопандықты 50 жылдан бері адал атқарып келеді. Далада қой баға жүріп, табиғат аясында талай автордың шығармаларын оқып, ойға шомып отырады. Әр кітап оның өмірінде темірқазық сияқты бағыт береді, ой-өрісін кеңейтеді, шешім қабылдауға көмектеседі. Мінәжат үшін кітап оқу тек бос уақытты өткізу емес, ол үшін рухани азық, өмірлік тәжірибе мен даналыққа жол. Кітапқа деген сүйіспеншілігі мен ізденімі – оның ең басты ерекшелігі деп айта аламын, – дейді Мінәжат Исабековтың жары Күміс Мұқышева.
Қазіргі кезде көп адамдар ғаламторға жүгінеді. Дегенмен Тәттімбет ауылындағы кітапханада жас оқырмандардың саны көбейіп келеді. Мінәжат ата балаларға әрдайым бағыт-бағдар беріп, ақылын аямайды және оқушыларға қызықты әрі пайдалы шығармаларды ұсынады. Ол үшін зейнеткерлік жас та кедергі емес, себебі «Миды сергек сақтау және қартайтпау үшін ең жақсы жол – кітап оқу» деп есептейді. Кітап оқу тек көзге дем беріп қана қоймай, қиялды дамытуға, білім мен танымды арттыруға да тамаша мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол үнемі өзінің жинаған қазынасын, білім мен тәжірибесін жастарға бөлісуге, олардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге ұмтылады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


