Кітап пен білімге бастар жаңа мекен

Қарағандыда тұрғындар үшін тағы бір мәдени-рухани орталықтың есігі ашылды. Қаладағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің Бауыржан Момышұлы атындағы заманауи кітапханасы оқырманға есігін айқара ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол бастады.

Жаңа кітапхананың ашылуы – қала тұрғындары үшін маңызды мәдени оқиғалардың бірі. Енді мұнда оқырмандар кітап оқып қана қоймай, білімін толықтырып, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, рухани дамуына қолайлы орта таба алады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Ғазиза Смағұлова, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айтбай Жұмағұлов, өлкетану бөлімінің меңгерушісі Жарулла Акишев қатысып, жаңа мәдени орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Шара барысында қонақтар ақжарма тілектерін білдіріп, жырдан шашу шашты. Ұлттық дәстүрмен шашу шашылып, жаңа кітапхананың ашылуы мерекелік көңіл күймен жалғасты.

Айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айтбай Жұмағұлов жаңа кітапхананың кітап қорын толықтыруға да өз үлесін қосты. Ол оқырмандарға тарту ретінде өзінің кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты. Бұл – жас ұрпақты кітап оқуға баулып, отандық әдебиетті насихаттауға бағытталған игі бастамалардың бірі.

Жаңа кітапханаға келген тұрғындар оның заманауи үлгіде жабдықталғанын атап өтті. Мұнда кітап оқуға, білім алуға және бос уақытты тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Заманауи кітапхана дәстүрлі кітап қоры мен қазіргі оқырманның сұранысын ұштастыратын мәдени кеңістікке айналмақ.

Кітапхана меңгерушісі Гүлайым Жылтыбаеваның айтуынша, жаңа орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.

«Жаңа кітапхананың ашылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Мұнда оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Кітапхана тұрғындардың сүйікті мәдени және рухани орталығына айналады деп сенеміз. Оқырмандарымызды жаңа кітаптармен, қызықты кездесулермен қуанта беруге дайынбыз», – деді Гүлайым Жылтыбаева.

Бауыржан Момышұлының есімі берілген кітапхананың ашылуының да өзіндік мәні бар. Қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы, әскери қайраткердің есімі ерлік пен елдік, отансүйгіштік пен рухтың символына айналған. Сондықтан кітапхана қабырғасында оның өмірі мен шығармашылығын насихаттау, жас ұрпаққа өнегесін жеткізу де маңызды бағыттардың бірі болмақ.

Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес, қоғамның мәдени және рухани дамуына ықпал ететін маңызды орта. Әсіресе цифрлық ақпарат дәуірінде оқырманды кітаппен қайта табыстыру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, пікір алмасатын мәдени кеңістік қалыптастырудың маңызы зор.

Жаңа кітапхана осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, қала тұрғындарының бас қосатын, ізденетін және жаңа дүниелермен танысатын сүйікті орындарының біріне айналмақ.

Кітапхана есігінің ашылуы – бір ғимараттың іске қосылуы ғана емес, білім мен мәдениетке бастар жаңа мүмкіндіктің басталғанын білдіреді. Енді бұл жерде талай оқырман сүйікті кітабын тауып, жаңа білім алып, жақсы ойға қанаттанады. Ал Бауыржан Момышұлының есімі берілген рухани орда ерлік пен білімді, ұлттық құндылық пен әдебиетті сабақтастыратын тағылымды мекен болмақ.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»