Кітап оқитын әулет

Қарағандыда отбасы құндылығы мен кітапты қатар дәріптеген ерекше жоба өтті. «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша қалалық тестілеуде ондаған отбасы өз білімін сынап, оқуға деген қызығушылығын көрсетті.

Бұл байқаудың басты ерекшелігі – кітап оқуды тек жеке адамның әдеті емес, отбасының ортақ құндылығы ретінде насихаттауы. Қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап беру арқылы оқу мәдениетінің ең алдымен үйден басталатынын дәлелдеді. Осылайша, тестілеу тек білім тексеру алаңы ғана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын рухани ортаға айналды.

Қалалық кезеңге барлығы 59 әулет қатысты. Оның ішінде 44 отбасы қазақ лигасында, ал 15 әулет орыс лигасында бақ сынады. Қатысушылар әлемдік және ұлттық әдебиет негізінде дайындалған тапсырмаларды орындады. Тестілеу қазақ және орыс тілдерінде бөлек өткізілді. Барлығы 45 сұрақ беріліп, оны орындауға 45 минут уақыт берілді. Нәтижесінде қазылар алқасы үздік шыққан отбасыларды анықтап, қазақ лигасында І-орынды М.Жұмабаев атындағы гимназиядан қатысқан Балғабек әулеті жеңіп алды. ІІ-орын №14 мектеп-гимназиясының Шалқар әулетіне бұйырса, ІІІ-орынды №24 мектептің атынан қатысқан Болатовтар иеленді. Ал орыс лигасында Жұмағұлов әулеті І-орынға лайық деп танылса, Ковалевтер ІІ-орын, Садықов әулеті ІІІ-орынмен марапатталды.

Жобаның негізгі мақсаты – ел ішінде кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырман санын арттыру және әдебиет арқылы рухани құндылықтарды нығайту. Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын әулет» байқауы кітаптың қоғамдағы рөлі мен отбасы тәрбиесіндегі маңызын айқын көрсетті.

Қарағанды облысы бойынша жобаның алғашқы кезеңіне 10 987 адам тіркелген. Іріктеу нәтижесінде 748 қатысушы таңдалып, 169 команда облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың ішінде 545 адам қазақ тілінде, 203 қатысушы орыс тілінде бақ сынауда.

Ералы ҒАНИ,

«QH»