Үкіметте – ауыс-түйіс: Жаңа министрлер туралы не білеміз?

Үкіметте кадрлық ауыс-түйіс болып, бірқатар министрліктің басшылары өзгерді. Премьер-министр орынбасары тағайындалып, бес министр ауысты. Мұны күтпеген жаңалық деп айта алмаймыз, әрине. Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың басында кадрлық саясатты қайта қарап, Үкімет жұмысын реформалайтыны туралы айтқан еді. Сонымен, жаңа тағайындалған министрлер туралы не білеміз? Желідегі ашық мәліметтерге зер салсақ…

Премьер-министр орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев

1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2019 жылғы 26 наурызда Премьер-министр кеңсесінің басшысы болды. 2019 жылғы 18 қыркүйекте, 2021 жылғы 18 қаңтарда және 2022 жылғы 11 қаңтарда Президент жарлығымен осы қызметке бірнеше рет қайта тағайындалды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев

1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі ауданындағы Мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған. 2020 жылғы желтоқсан айында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті қызметіне келді. Ал былтыр наурыз айында осы министрліктің вице-министр лауазымына тағайындалған.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова

1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. Былтырдан бері Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарып келді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев

1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. 2021 жылғы қаңтардан бастап соңғы тағайындауға дейін ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов

1990 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 2021-2022 жж. Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Соңғы тағайындауға дейін «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы болды. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Әділет министрі Азамат Есқараев

1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2019 жылғы маусымнан бастап осы тағайындауға дейін Премьер-министр кеңсесі Заң бөлімінің меңгерушісі лауазымында еңбек етті.

Бұл жолғы тағайындаудың тағы бір ерекшелігі – 1990 жылы туған жастардың билікке келуі. Ең жас министрлер ретінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың есімі аталады. Екеуі де – Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»