Әкім Күнгей тұрғындармен кездесті

Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Күнгей шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Өзекті мәселелер талқыланған кездесуге қалалық бөлім басшылары мен коммуналдық ұйым өкілдері де қатысты.

Шаһар басшысы тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Қазіргі таңда ауданда электр бағаналары орнатылуда. Тұрғындар кейбір аймақтардың аталмыш жоспардан тыс қалып қалғандығына алаңдаулы.

— Шамамен алпысқа жуық нысан жоспардан тыс қалып қойды. Оның өзіндік себептері де бар. Жоспардың құрылғанынан біраз уақыт өтті. Бүгін қайта қолға алудамыз. Электр қуатымен толық қамтамасыз ету үшін, көршілерден тоқ сымдарын тарту жағдайын азайту мақсатында 1621 электр бағаны орнатылды. Күнгейдің аэропорт маңында әлі де жұмыстар жүргізіледі, — деп мәлімдеді Ермағамбет Қабдолұлы.

Оған қоса, тұрғындар асфальт жабыны, газ құбыры, қоғамдық көліктердің бағыттарына қатысты сұрақтарына жауап алды.

Қала әкімі электр желісі мен су құбырлары мәселесі шешімін тапқан соң ғана, автожолдар қолға алынатындығын айтты. Ал, жағдай мүлдем қиын жолдарға жедел жоспар құрылатын болады.

Аудан тұрғыны Валентина Гура №07, №13, №5 автобустардың бағытын өзгертуді ұсынды. Айтуынша, шеткі аймақта тұратындарға баспанасына жету қиындық тудырады. Ермағамбет Қабдолұлы жиыннан кейін тұрғындармен бірге автобус аялдамаларының орнынқарап, мәселенің бір шешімін табатындығын атап өтті.

Әкімдік алдағы жылдың басты жобасы – аудандағы мектеп құрылысы екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, кездесуде қоқыс шығару, учаскелік полиция жұмысы да талқыға салынды.

Аталған мәселелер бойынша бөлім басшыларына тапсырма берілді. Ермағамбет Бөлекпаев тұрғындардың бірде-бір сауалы жауапсыз, нәтижесіз қалмайтынын ескертті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН