ӘКІМ ЕҢ ЖАС БАСЫЛЫМДЫ ҚҰТТЫҚТАЙ КЕЛДІ

Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді. Жыл сайын жаңалық жаршыларын салтанатты түрде мерекелерімен құттықтап, марапаттау дәстүрге айналған. Халық тіршілігін, әлеуметтік мәселелерді, руханият пен қоғам тынысынан хабар тарататын БАҚ өкілдерінің еңбегі орасан зор.

Елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданғанын атап өту керек. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін беріп, баспасөз саласында мемлекеттік БАҚ-пен қатар, жекеменшік басылымдар пайда бола бастаған кез. Ал, 2011 жылдан былтырға дейін аталып өткен журналистер күнін белгілеу тілшілер қауымының арасында біршама пікірталас туындаған. Бір тобы сонау бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ даласында жарық көрген «Түркістан уәлаяты» газетінің шығу төркіні құрметіне орай, тілшілер мерекесін мамыр айында белгілеуді сұраса, енді бірі журналистер күнін «Қазақ» газетінің тарихына икемдеуді ұсынған.

2011 жылы шыққан Тұңғыш Президенттің №164 Жарлығы бұл пікірталастардың бәріне нүкте қойса, 2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды. Оның алдында Президент ҚасымЖомарт Тоқаев журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын.

Әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі таңда журналистердің жұмысына да бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Баспасөз мәслихаттарының көбі бүгінгі күні онлайн режимге өткендіктен, газет пен интернет журналистика саласындағы тілшілердің көбі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіп кеткен.

Мереке қарсаңында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Qaragandy habary» газетінің ұжымын атаулы күнмен құттықтады.

— Құрметті БАҚ өкілдері, сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздердің атқарып жатқан істеріңізге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, қоғамдық дұрыс пікірді қалыптастыру өте қиын. Сіздердің қызметтеріңіз үлкен шеберлікті қажет етеді. Жылататын да, жұбататын да «сөз» дегендей, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола отыра, тыныштық пен берекенің сақталуы тікелей өздеріңізге қатысты екенін естен шығармаңыздар, — деп тілек білдіре отыра, бүгінгі ақпарат айдынында жаңалық тез тарап, ақ-қарасын ажырату қиынға соғатынын сөз етті:

— Қазір ақпаратты ғаламтор арқылы жеңіл әрі жылдам алу оңай. Алайда басылымды қолға алып оқығанға ештеңе жетпейді. Әлеуметтік желілерде жаңалық өте тез тарайды. Оған қоса, ақпараттық сүзгіден өтпейді. Ақылға қонбайтын түрлі материалдарды шығарып, халықтың санасын улап жатады. Ал газеттің орны қашан да бөлек. Басылым бетіне шығатын мақалалардың барлығы тексеріс пен жан-жақты сараптамадан өтеді»,- деп ұжымға үлкен сенім білдірді.

Журналистер үнемі ізденісте жүреді. Халықтың тыныстіршілігін, әлеуметтік, қоғамның саяси жаңалықтарын жұртқа дер кезінде жеткізу үшін қызмет етеді. Қала басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ұжым мен бас редакторды алғыс хатпен марапаттады.

— Құрметті әріптестер, міне бүгін еңбектің бағаланып жатқаны қандай қуанышты. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, «Qaragandy habary» газеті үнемі оқырмандарымен бірге. Өткір, жедел ақпарат, қоғамның тыныс тіршілігінен сыр шертер материалдар арқылы газеттің абыройын жылдан жылға арттыруға еңбек етеміз, — деді «Qaragandy habary» газетінің журналисі Әсел Құсайынқызы.

— Қаламдарыңыз мұқалмайтын қарымды, айтаройларыңыз ұшқыр да жарқын, берер ақпараттарыңыз шынайы һәм әділ болсын! Отбасыларыңызға бақбереке, ырыс пен ынтымақ және шығармашылық табыстар тілеймін, — деп сөзін қорытындылады өңір басшысы.