ӘКІМ АУРУХАНАДА ЖАТЫР

Әлихан ауданының әкімі Мейрам Кожухов сovid-19 жұқтырып ауруханада жатыр. Әкім ауруханадан тұрғындарға видео-мәлімдеме жасады.

Ол халықты карантин шараларын қатаң сақтауға, екпе жасатуға шақырды. Жұбайы екеуі ауруханаға түскен кезде өкпелерінің 25%-ы зақымданған.

— Мен Охотская көшесі, 2А мекен-жайында орналасқан ковидтік госпитальда ем қабылдап жатырмын. Мұнда жатқаныма 8 күннен асты. Осы аз уақытта ауру жұқтырған балалар мен тұтас отбасыларды көрдім. Инфекция менің де отбасымды айналып өтпеді. Ауруханаға 25% зақымданған өкпе мен жоғары температурамен келдік, — деді аудан әкімі өзінің бейне-үндеуінде.

— Вирустың қауіптілігі күн сайын артып келеді. Ата-ана ретінде баланың алдында да ешнәрсе істей алмайды екенсің. Жалғыз амалың – дұға ету және дәрігерлердің көмегіне жүгіну. Құрметті қала тұрғындары, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер. Бәріміз үшін жалғыз таңдау — вакцина. Мен жұмыста да, қоғамдық орындарда да, тіпті көлікте де маска тағып жүрдім. Соған қарамастан, вирус жұқтырып, отбасымызбен клиникада жатырмыз. Сондықтан, қорғанудың жалғыз жолы – вакцина. «Ауру мені айналып өтеді» деп ойламаңыздар. Жақындарыңыз ауырғанда да, шарасы күйге түсесіздер. Жай дене қызуы көтерілгенде де, көмектесе алмай қаласыздар. Себебі, дерттің емі жоқ, — дейді Мейрам Кожухов.

«Екпе егіңіздер. Мен медициналық көрсетілімге байланысты вакцинацияланбадым. Ауруханадан шыққаннан кейін, міндетті түрде вакцина салдыртатын боламын», — дейді науқас.

Мейрам Мұратұлы дәрігерлердің, олардың батылдығының арқасында пациенттер сауығып жатқанын атап өтті. Әкім дәрігерлерге ауыр уақытта азаматтарды емдеп, толық қызмет көрсеткендері үшін оларға қанша алғыс айтса да аз болатынын айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.